Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семей қаласының гербі бекітілді

Опубликовано:

Семей
Фото: Семей қаласының әкімдігі

Семей мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар қаланың гербі мен оның толық сипаттамасын бекітті. Бұл туралы әкімдік ресми сайтында хабарлады.

Қалалық гербтің шеңбер түрінде болуы мәңгіліктің символын айшықтайды.

Жасыл түс - табиғаттың, үйлесімділік пен тепе-теңдіктің символын білдіреді, сондай-ақ, қайта жаңғырумен байланысты. Геральдика заңдары бойынша күн өмір жолын  сипаттайды.

Гербтің ішінде - бақыт символы түріндегі ою-өрнекпен көмкерілген шаңырақ бейнесі бейнеленген.

Айқас төрт бөліктің (күлдіреуіштер) арасында кітап, қарағай, түйе және көпірдің сұлбасы бейнеленген. Бұл барлық төрт бөліктің теңдігінің дәлелін білдіреді.

Кітап - Семей қаласын Қазақстанның рухани-мәдени орталығы, Абай, Шәкәрім, көрнекті жазушы М.Әуезов сынды ұлы ойшылдардың Отаны ретінде бейнелейді.

Шаңырақтың сол жақ бөлігінде орналасқан қарағай суреті өңірдің табиғи бейнесінің ажырамас бөлігі ретінде бейнеленген (Семейде бірегей қарағай орманы орналасқан).

Түйелер – ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей, сондай-ақ ескі гербтің тарихи құндылығын бейнелейді. Революцияға дейін Семей қаласы Ресей мен Батыс Қытай қалаларының сауда орталығы болған және Жібек жолының бөлігі саналған.

Жаңа көпір - заманауи жетістіктердің көрсеткіші және Семей қаласының көрікті жері саналады.

"Семей" атауы символдың төменгі жағында орналасқан және алтын әріптермен жазылған.

Алтын түс - әл-ауқат пен өркендеудің символы. Сары және көк түстің араласуы жасыл түске айналып, жомарттықтың, жанданудың және жақсы істің бастамасының символын білдіреді.

"Бейбітшілік" аралының "Түйемойнақ" стеласындағы жеті қарлығаштың бейнесі – қырық  жылғы атом сынақтарын жеңгенінің айқын көрінісі саналады. Қазақ халқы үшін жеті саны қасиетті, көптеген ұғымдар "Жеті ұрпақ", "Жеті Қара" және т.б. осы санмен байланысты.

Қарлығаштардың шаңырақты айнала ұшуы шексіздікті, қаламызға мәңгілік бейбітшілік пен келісім тілейді.Олар өз ұяларын бейбітшілік пен тыныштық орнаған гүлденген шаңыраққа салады.

"Осылайша, Семей қаласының жаңа гербінде қаланың рухани, тарихи, табиғи және заманауи келбеті көрініс тапқан.

Гербтің авторы қалалық мәдениет сарайының қоюшы суретшісі Әмірбек Ерлан Шаяхметұлы", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975611-semei-qalasynyn-gerbi-bekitildi/

pixel