Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент кеңесшісі мен ақын-жазушылар Райымбек ауданының тұрғындарымен кездесті

Опубликовано:

Президент кеңесшісі мен ақын-жазушылар Райымбек ауданының тұрғындарымен кездесті
Фото: "Хан тәңірі" газеті

Бейсенбі, 23 маусым күні  Қазақстан президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев, жазушы, халықаралық "Аламан" сыйлығының иегері, Қазақ ҰУ-нің рухани жаңғыру орталығының директоры Нұрғали Балтақараұлы Ораз, сонымен бірге ақын, "Қазақ университеті" баспа үйінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы іссапармен Алматы облысы Райымбек ауданына барды. Олар аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, білім саласының қызметкерлері, басқа да құзырлы орын өкілдерімен кездесіп, аудандағы бірқатар келелі мәселені талқылады.

Аудан әкімінің мәжіліс залында өткен жиынды Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов ашып, өзі жүргізді. Жиын кезінде сөз сөйлеген президент  кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жергілікті тұрғындарға мемлекет басшысының сәлемін жеткізіп, жуырда өткен референдумның мақсат-міндеті мен маңызын, Жаңа Қазақстанды құрудың бағыт-бағдарын, Ұлытауда өткен құрылтайда айтылған жайттар, жаңа құрылған үш облысқа мемлекет тарапынан белгіленген жоспарлы шаралар жайлы қысқаша айтып өтті. 

Сонымен қатар мемлекет басшысының жуырда Ресейдің Санкт-Петербург қаласына және Иран мемлекетіне жасаған жұмыс сапарына тоқталды. Мәлік Нұржанұлы аудан тұрғындарының барлық өтініші мен талап-тілегін тікелей ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізетінін атап өтті. 

Жиында жазушы Нұрғали Ораз мен ақын Кәдірбек Құныпияұлына да сөз берілді. Мәдениет қайраткерлері мемлекетімізде жасалынып жатқан көптеген игі шараның шарапаты бұл аймақ тұрғындарына да ортақ екенін, сондықтан ел өміріне қатысты қолға алынып жатқан сындарлы саясаттың орынды жүзеге асуына лайықты үлес  қосу әрбір адамның қасиетті борышы екенін еске салды.

Аудан тұрғындары да жиында толғандырып жүрген мәселелерді ашық айтты. Мәселен, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев Кеген мен Нарынқолдың арасын жалғап жатқанжолдың адам төзгісіз жағдайын айтып, жер мәселесіне қатысты жанайқайын жеткізді. Ұзақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Әшімбаев ауылды газдандыру, алқаптарды суландырудың, тау сағасындағы көлдердің суын ауылға бұрудың мәселесін сөз етті. Ауданның құрметті азаматы, зейнеткер Нұрлан Әкімбаев мал өнімдерін ұқсату, жүн-терілерін пайдаға жарату үшін ауданнан арнайы өңдеу орындарын ашу қажеттігін, Айыпжан Қаптағаев шекара мәселесін, Ауғали Молдасан өндіріс орындарын құрудың өзектілігіне тоқталды. 

Өз кезегінде президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы айтылған жайттардың бәрі де өзекті екенін, оның орынды жүзеге асуына барша жұртшылық біркісідей атсалысуы қажеттігін айтты.Оның айтуынша, қандай жағдай болса да түсіністікпен қарап, мемлекеттің сындарлы саясатын қолдап, сондай-ақ Жаңа Қазақстандықұру жолында ұйымшылдық танытқан жөн. 

              Автор: Жұмабек  Тәліпұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975631-prezident-kenessisi-men-aqyn-zazusylar-raiymbek-audanynyn-turgyndarymen-kezdesti/

pixel