Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ тілінде сұхбат берген Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунков елдің алғысына бөленді

Опубликовано:

Олег Чугунков
Видеодан кадр: Facebook/abaiaqparatkz

Facebook желісінде Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунковтың шағын сұхбатының видеосы пайда болды. Бейнежазба авторы Сырым Кемелдің сөзінше, әкімнің өзі сұхбатты мемлекеттік тілде бергісі келген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Курчатов әкімі сұхбатта ойын қазақ тілінде еркін жеткізген. Онда ол өзі басқарып отырған қаланы дамыту бойынша алдағы жоспарын бөліскен.

"Қазір қаланы дамыту бойынша арнайы жоспар жасап жатырмыз. Бағдарлама - тұрғын үйлерді жаңартуға байланысты. Сондай-ақ су мәселесі, су тазалау мәселесін қарау керек және жол (жөндеу, құрылыс - ред.), жылыту мекемелерінің жұмысы бақылауға алынады. Қаланы көріктендіру жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз", - дейді Олег Чугунков.

Қала басшысы тұрғындармен ай сайын кездесулер өткізіп тұратынын тілге тиек етті.

"Оған қоса қазір әлеуметтік желіде тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Менен бастап барлық бөлім басшысы әлеуметтік желілерге, топтарға тіркелген", - дейді ол.

Әкімнің сөзінше, қазір қала басшылығының алдында тұрған бірінші міндет - қысқа дайындық.

"Бірінші жылу мәселесі тұр, ол шешілген соң, тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары басталады. Қазір үйлерді жөндеуді бастасақ, оларды жылуға қосуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан бірінші жылыту мәселесін шешу керек, жаңадан жылыту қазандығын салу керек. Алдымен құжаттарын жасаймыз, сосын ақша бөлінген кезде салынады", - деп сөзін түйіндеді Олег Чугунков.

Әкімнің мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатынын видеодан көрген желі қолданушылары оған ризашылықтарын айтуда.

"Жарайсың, Олег. Тілге құрмет көрсеткеніңе рахмет! Жұмысыңа табыс тілеймін", "Туған жеріне деген құрмет осылай болады. Еңбегің жемісті болсын. Беделің биік болсын", " Жақсы әкім деп бәрі мақтайды. Курчатовта жиі боламын, қала керемет жайқалып тұр. Көп балалы аналарға үй берілген", - деп пікір қалдырған олар желіде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976176-qazaq-tilinde-suxbat-bergen-kurcatov-qalasynyn-akimi-oleg-cugunkov-eldin-algysyna-bolendi/

pixel