400-ден астам қазақстандық әскери қызметші Африкаға БҰҰ миссиясына қатысуға жіберіледі
Опубликовано:

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына қатысуға жіберу туралы ұсынысын қолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Президенттің ұсынысын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оқып берді.
"Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасына сәйкес, жалпы саны 430 әскери қызметшіден тұратын Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ-ның Орталық Африка республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі көпбейінді кешенді миссиясына, БҰҰ-ның Конго демократиялық республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссиясына, БҰҰ-ның Малидегі тұрақтандыру жөніндегі көпбейінді кешенді миссиясына, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің миссиясына қатысуға жіберу туралы ұсыныс енгіземін", - делінген президент ұсынымында.
Министрдің айтуынша, бағалау және іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Қорғаныс ведомствосы БҰҰ-ға Қазақстаннан бес бөлімшені ұсынған.
"Олардың дайындық деңгейі әр түрлі. Біз бөлімшелерімізді бірден емес, өтінім бойынша жіберіп отырамыз. Миссияны орындауға дайындығымыз бойынша бізге баға беріледі", - дейді Руслан Жақсылықов.
Депутаттар мемлекет басшысының ұсынысын қолдады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы миссияларын орындауға 6 қазақстандық әскери, сондай-ақ БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің миссиясына 9 қазақстандық әскери қызметші қатысуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976340-400-den-astam-qazaqstandyq-askeri-qyzmetsi-afrikaga-buu-missiyasyna-qatysuga-ziberiledi/