Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Астанада құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп": Имам бейіт тұрғызуда ысырап жасамауға шақырды

Опубликовано:

мұсылман зираты
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы зираттарда құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көбейген. Астанадағы "Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітінің наиб имамы Саят Серікұлының айтуынша, бүгінде қайтыс болған кісіге бейітті мәрмәр мен граниттен салатындар бар, деп жазады Azattyq Ruhy басылымы.

Басылымға сұхбат берген имам елімізде 30 жылдың ішінде жерлеу мәдениеті мен ережесі әлі қалыптаспағанына қынжылды.

"Мысалы Еуропада қабір басына тас қояды, газон төсейді, әр қабірдің өз белгіленген нөмірі бар, теп-тегіс, жан-жағы тап-таза. Сырттай қарасаңыз, артық ешнәрсе жоқ. Ал бізде біреулер қабірді 4-5 метр көтерсе, енді бірі сыртын да қоршамайды. Енді бірі ағаш егеді, енді бірі құрылыстан кейінгі қалдықтарын жан-жаққа лақтырып кетеді. Қабірлердің арасында жүретін жол жоқ. Осының бәрі жүйенің, белігілі бір тәртіптің жоқтығын көрсетеді. Алдағы уақытта зират орнатуда жалпыға ортақ тәртіп бекіту туралы жоспар бар. Негізі зираттың өзі қоршалған болса, оның ішінде құрылыс жүргізіп қажеті жоқ, таспен шектелсе де жетеді. Я болмаса, қарапайым құрылыс жүргізу қажет", - дейді Саят Серікұлы.

Оның айтуынша, елімізде қайтыс болған кісіге бейітті мәрмәр мен граниттен салатындар бар.

"Бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ. Бізде қабір салу бәсекеге, мақтанға айналып кетті. Тіпті бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын қабірлер бар. Астананың маңайында құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп. Бұл бірінші кезекте үлкен ысырап. Одан да бұл қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қабірге барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық іс екенін айта кеткім келеді", - дейді наиб имам.

Саят Серікұлының сөзінше, Дағыстан, Өзбекстан, Дубай, БАӘ, Кавказ елдерінде біздегідей зәулім сарай сияқты қабір көтермейді, әр қабірге бекітілген өлшем болады.

"Тағы бір мысал - Түркияда қабір орнату заң аясында шешіліп қойған. Бай болсын, кедей болсын, әйел болсын, еркек болсын барлығына бірдей бекітілген өлшем бар. Мысалы қабірдің биіктігі 90 см, ұзындығы 2 метр, ішіндегі шаршы метрі 80 см болады. Қабірді бұлай өлшеудің бір пайдасы адам жерлейтін орын тез толмайды. Жерге үнем болады.

Біздегі проблеманың бірі адам жерлеуге арналған орындар тапшы. Өйткені әркім өз білгенінше салып жатыр. Біреуі 5 метр жер алса, енді бірі 50 метр жер алады. Зират салатын орынды әкімшілік белгілейді. Ондай орындар 5-6 жылдың ішінде толып қалады. Егер зиратта ірі құрылыс жүрмегенде, жерлейтін орындардың жартысы бос болар еді", - дейді дін өкілі.

Сөз соңында Саят Серікұлы тұрғындарды бейіт тұрғызу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976350-astanada-quny-40-50-mln-tenge-bolatyn-qabirler-kop-imam-beiit-turgyzuda-ysyrap-zasamauga-saqyrdy/

pixel