Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде студенттер оқу ақысын бірден 200 мың теңгеге көтеріп жіберген ЖОО-ға наразылығын білдірді

Опубликовано:

Наразылығын білдірген студенттер
Наразылығын білдіріп тұрған студенттер. Видеодан кадр: КТК арнасы

Ақтөбеде медициналық университет студенттері оқу ақысының қымбаттағына қарсы шақты. Жоғары оқу орны басшылары осыдан бір жарым ай бұрын бағаны бірден 200 мың теңгеге көтеріп жіберген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Студенттер оқу ақысының 200 мың теңгеге өскенін каникулға шығып, жан-жаққа тарағанда аяқ астынан естіп қалғанын айтады. Ал оған дейін оқу ақысының көтерілгені жайлы ешкім тіс жармаған көрінеді.

"Бізге айтылған да жоқ, бізбен ешкім келіскен де жоқ. Ол негізі он үшінші мамыр күні шешіліп қойған дейді. Барлығы кеңес жасап, жиналып келіскен дейді. Он үшінші мамырда барлық студент қалада болды. Сол кезде студенттердің барлығын жинап айту керек еді. Оны біз аяқ астынан білдік", - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенті Аружан Жақсыбаева.

Тағы бір студенттің айтуынша, оқу ақысының бірден қымбаттағаны көп адамның қалтасына салмақ түсіреді, себебі мұндай соманы төлеуге әркімнің шамасы жете бермейді.

"Аяқ астынан екі жүз мыңға көтеріп жіберді. Былай қарап отырсақ ол көбісінің қалтасынан шықпайды, көп адамның жағдайы келмейді ол ақшаға. Өзімді айтар болсам мысалы, әкем жоқ, шешем зейнеткер. Өзім жұмыс істеп тапқан таянғанымды осы жаққа жұмсап жүрмін. Осы оқуымды жабу үшін", - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенті Әлішер Тұрғанбаев.

Ата-ананың бірі Аманжол Ерматов та оқу ақысының бірден 200 мың теңгеге көтерілгеніне наразы.

"Барлық ата-ананың қалтасын көтермейді мысалға. Бірден 210 мың теңге қосып, 1 миллион 1 мың теңге ақша шығып кетіп тұр. Оған біз келіспейміз. Ата-анаға ешқандай хабар жоқ. Студенттер де қазір демалыста. Білмеймін бұл қалай шешілгенін?", - дейді ол.

Ал студенттер мен ата-аналардың шағымына қатысты университет проректоры жауап берді. Айтуынша, қазір барлығының бағасы өсіп, салдарынан шығын да көбейген.

"Себебі коммуналный бағалар өсіп жатыр. Бар баға өсіп жатыр. Мысалы сіздер нанды 23 ай бұрын 100 теңгеден алдыңыздар. Қазір 150 теңге. Дүкенге барып неге бұл сұрақты қоймайсыз. Жылына біздің шығындарымыз мысалы, биыл электр 41 миллион теңге, сумен қамту және канализация 85 миллион 700 мың теңге, газ 27 миллион теңге", - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің проректоры Надияр Мусин.

Телеарнаның хабарлауынша, студенттер мен ата-аналардың жаппай наразылығынан соң оқу ақасының өзгеру, өзгермеуі әзір белгісіз. Өйткені, Марат Оспанов атындағы медициналық университеттің өзі басшысыз отыр.

Себебі Денсаулық сақтау министрлігі директорлар кеңесін таратып жіберген. Ал оның жаңа құрамының қашан жасақталатынын әзір ешкім нақты айта алмайды.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976662-aqtobede-meduniversitet-studentteri-oqu-aqysynyn-birden-200-myn-tengege-koterip-zibergenine-narazalygyn-bildirdi/