"Сүйіспеншілігім ашылды": Индонезия тұрғыны Димаш Құдайбергеннің арқасында қазақ тілін үйрене бастаған
Жарияланған күні:
Индонезия астанасы Джакарта қаласында әнші Димаш Құдайбергеннің тыңдармандары жиналып, фан-клубтың 5 жылдығын атап өтті. 2017 жылдың мамыр айында құрылған фан-клуб қатарында 10 мыңға жуық адам бар. Олардың кейбірі қазақ тілін үйрене бастаған, деп хабарлайды Хабар.24.
"Менің жасым 62-де. Мен қазақ тілін үйренгеніме алты ай болды. Димаштың дауысын естігеннен кейін қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім ашылды. Бара-бара қазақ жазушылары мен ақындары туралы зерттей бастадым", - дейді DID фан-клубының мүшесі Тита Сривахуни Коссатита.
Фан-клуб мүшелері Димаш Құдайбергенге деген сүйіспешіліктерінің арқасында қазақ мәдениетімен де жақынырақ таныса бастағанын айтады.
Тіпті әншінің тыңдармандарының бірі фан-клубтың 5 жылдығына арналған шарада Мұхтар Әуезовтің "Еңлік-Кебек" поэмасынан қазақ тілінде үзінді оқып берген.
Ал DID фан-клубы төрағасының орынбасары Люси Новарианти Димаш жайлы кітап жазғанын жеткізді.
"Ұстаз болғасын жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін. Димашты көргенде тек дауысына ғана емес, әлеуметтік желілерден білген соң оның игі істеріне сүйсіндім. Осылай Қазақстан мен халқы туралы көбірек білгім келді. Мен "Димаш ин май стори" атты бірінші кітабымды жаздым. Қазір екінші кітапты жазып жатырмын, ол да жақында жарық көреді", - дейді Люси Новарианти.
Айта кетейік, әншінің фан-клубының 5 жылдығына арналған шараны Индонезияның ұлттық кітапханасы мен Қазақстан елшілігі ұйымдастырды.
Бұл шарада Димаштың тыңдармандары оның әндерін орындап, Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976668-suiispensiligim-asyldy-indoneziya-turgyny-dimas-qudaibergennin-arqasynda-qazaq-tilin-uirene-bastagan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.