Намазды қазақша оқу қажет дегенді қолдайсыз ба?
Жарияланған күні:
Қыркүйектің соңғы күндері Сенат депутаты Құсайын Валиев: "Қазақстанда араб тілін білетін адам аз. Сондықтан неге Құранды қазақ тіліне аударып, намазды қазақша оқымасқа?
Сонда Қасиетті кітаптың аяттары мен дұғалары қазақтарға түсінікті болар еді", – деді Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті отырысында Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріпке.
Сондай-ақ сенатор осы тұста кезінде Ватиканның рұқсатымен діни құжаттардың грек тілінен орысшаға аударылғанын да мысалға келтірді.
Қ.Лама Шәріп болса Қасиетті кітаптың 40-тан астам тілге аударылғанын, соның ішінде қазақша нұсқасы барын да тілге тиек ете келе, "дегенмен Құранды қазақшаға дұрыстап аудару қажет" деп түйіп, сөз соңын "Алла тағала құстардың да тілін біледі. Сондықтан қай тілде дұға қылсаңыз да, сөзсіз қабыл болады" деп аяқтады.
Осы ретте Алаш Айнасы сенатордың "Намазды неге қазақша оқымасқа?" деген пікірін талқыға салып көрді...
Совет-Хан ҒАББАСҰЛЫ, жазушы:
Иә
– Мен "Құранды, намазды қазақша оқу керек" деп көтергеніме он жыл болды. Неге десеңіз, қазір, мысалы, Франция, Англия, Германияда мұсылмандықты қабылдағандар бар. Оларда намазды өз тілдерінде ғана оқиды. Ал бізде көпшіліктің ортасына барады да, арабша жаттағанын айтады, одан ешкім ештеңе түсінбейді.
Оның үстіне, Құран Кәрімнің қай жерінде жазылыпты, не қай жерінде тек араб тілінде ғана оқылуы айтылыпты.
Құран оқу немесе намазға жығылудың негізі Аллаға мінажат ету екені белгілі. Оқып я тыңдап отырған дұғасының ішіндегі мазмұны мен мәнін түсінбей, қол жайып, бет сипауда нендей құлшылық я болмаса қандай мінажат деуге болады. Япыр-ау, Құранды тек араб тілінде оқу міндет деп пайғамбарымыз да айтпайды ғой.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, ҚМДБ аппарат жетекшісі, исламтанушы:
Жоқ
– Алғашында кез келген адам үшін ана тілінде құлшылығын орындау жеңіл әрі орынды көрінері рас. Алайда мәселені егжей-тегжейлі қарастырар болсақ, ең алдымен, тілек-дұға мен намаздың аражігін ажыратып алған жөн. Намаздан тыс мұсылман кісіге ішкі тілегі мен мұң-мұқтажын қай тілде айтып жеткізем десе де, тыйым салынбаған. Өйткені бұл — Жаратушы мен құл арасындағы жеке мәселе.
Ал намаз жалпыға, жамағатқа тән құлшылық болғандықтан, намазға қосылатын басқа да мұсылмандардың қажет тілектерімен санасу керек. Егер ислам діні қандай да бір белгілі аймақтың яки белгілі бір ұлттың діні болса, онда ешқандай күмәнсіз сол аймақтағы сол ұлттың ғана тілі қолданылар еді.
Алайда төрткіл дүниеге тараған, бір-бірін түсінбейтін қаншама ұлт өкілдеріне ортақ діннің өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері болатыны сөзсіз.
Сондай-ақ Қазақстанға келген басқа ұлттар да мұсылмандардың өз тілінде орындап жатқан ғибадаттарынан ештеңе ұқпасы анық. Олай болса, мұндай жалпыәлемдік діннің өзіндік ортақ жақтары, ортақ тұстары болуы заңды. Бұл тұста азан мен қырағаттың орны ерекше екені кімге де болса мәлім.
Ал сіз, оқырман, бұл туралы не деп ойлайсыз?
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/197692-namazdy-kazaksha-oku-kazhet-degendi-koldajsyz-ba/