Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Барлығы несиеге салынған": Алакөлде өртенген демалыс базаларының иелері биліктен көмек сұрады (видео)

Жарияланған күні:

Өрт
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алакөлде отқа оранған демалыс орындарының қожайындары шаш етектен шығынға батқанын айтуда. Тілсіз жаудың кесірінен бір ғана кәсіпкердің өзіне 150 миллион теңге залал келген. Несие алып кәсібін бастағандар тиісті орындардан көмек сұрауға мәжбүр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, көршілес ғимараттан шыққан өрт "Әйгерім" демалыс  базасына лап қойған. Сол сәтте жалынның құрсауында қалған демалушылар кірген есіктерін таба алмай есеңгіреп қалыпты. Өйткені ағаштан салынған төрт үй қағаздай жанып, жұрттың үрейін ұшырған.

"Қонақтарды киім-кешегімен бірден оттың ортасынан алып шығуға тырыстық. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Енді не істерімізді білмейміз? Жазғы демалыстарын біздің қонақ үйде өткізуді жоспарлаған туристар түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз", - дейді қонақ үй әкімшісі Ольга Коваленко.

Осылайша, тілсіз жау 72 орынға есептелген қонақ үйді тып-типыл еткен. Ішіндегі дүние-мүліктің де күлі ғана жатыр. Қазір келген шығын көлемі шамамен 150 миллион теңгеге бағалануда.

"Біз мемлекеттен көмек сұраймыз. Мұның барлығы несиеге салынған еді. Оны әлі төлеп отырмыз. Нақты айтқанда, 150 млн теңге шығын бар. Бұған туристерге қайтарып беретін қаражатты қоспадық", - деді кәсіпкер Әйгерім Омаралинова.

Жалпы қызыл жалын салдарынан төрт демалыс базасында жиырмаға жуық нысан жанып кетті. Енді бизнесмендер күлі көкке ұшқан кәсіптерін қалай қалпына келтіретінін білмей дал. Ал арнайы құрылған комиссия шығынды есептеу үстінде.

"Қазір Алакөл жағалауында 207 база қалыпты түрде қызмет көрсетуде. Төрт демалыс орнында өрт болған. Қазіргі күні мемлекеттік комиссия жұмыс атқарып жатыр", - деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.

Шенеуніктердің мәліметінше, өрттің нақты неден шыққаны әзірге анықталған жоқ. Дегенмен олар сотқа дейінгі тергеу басталып, бірқатар сараптамалар тағайындалғанын жеткізді. Ал шығынға баттық деген кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдаудың болар-болмасы әзірге белгісіз.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977252-barlygy-nesiege-salyngan-alakolde-ortengen-demalys-bazalarynyn-ieleri-bilikten-komek-surady-video/