Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арапа күні дегеніміз не?": Бас мүфти құрбан айт қарсаңында маңызды сұрақтарға жауап берді

Опубликовано:

Бас мүфти құрбан айт қарсаңында сұрақтарға жауап берді
Наурызбай қажы Тағанұлы. Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті құрбан айт мерекесін қалай өткізу керектігін айтып, Арапа күніне қатысты мәліметтермен бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Арапа күні – Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Қажылық дегеніміз – Арапа. Кімде-кім Арапаға үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады", – деген. Яғни қажылықтың негізгі шарты – Арапа күнгі Арафа жазығындағы дұға. Қажылықтың үш шарты болса, соның бірі – Арафада тұру. Арапа күні қажылыққа бармаған кісі ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілесе сауабы өте көп болады. Әсіресе Арапа күні ораза ұстау мұстахаб амалы, сүннет болып саналады. Алайда бұл – ерікті амал. Ұстасаңыз сауабы мол, ұстамасаңыз күнә болып есептелмейді", - дейді ол.

Бас мүфтидің айтуынша, құрбандық шалу жағдайы келген мұсылманға міндет болып артылады.

"Арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Жоғарыда айтқанымыздай, Арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін", – деген. Демек кімде кім шамасы келіп Арапа күнінде ораза ұстаса, өткен және келер жылдағы кіші күнәлары кешіріледі.

Ал Құрбан айт күні айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: "Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал" ("Кәусар" сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған.

Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді", - деп түсіндірді Наурызбай қажы.

Сондай-ақ еліміздің бас имамы шынайы ниетпен жасалған кез келген ізгі амалдың сауабы мол.

"Құрбан айт шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: "Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)"("Хаж" сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді.

Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан", - деді Бас мүфти.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977363-arapa-kuni-degenimiz-ne-bas-mufti-qurban-ait-qarsanynda-manyzdy-suraqtarga-zauap-berdi/

pixel