Алматы әкімдігінің ғимараты қашан қалпына келеді: Досаев жауап берді
Жарияланған күні:
Алматы әкімі Ерболат Досаев ОКҚ-да өткен брифингте қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмысы қашан аяқталатынын мәлім етті. Сонымен қатар мегаполис басшысы президент резиденциясының орнында не пайда болатынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Досаевтың сөзінше, қазір президент резиденциясын бұзу процесі жүріп жатыр. Ал болашақта оның орнында Сәтпаев көшесіне дейін созылатын саябақ пайда болады. Жаңа саябақ әкімдік жанындағы саябақпен біріктіріледі.
Сонымен қатар Досаев қаңтар оқиғасы кезінде өртенген Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты қашан қалпына келетінін айтты.
Оның айтуынша, кеше жобалық-сметалық құжаттама бойынша қорытынды берілу керек болған. Алайда қорытынды уақытында дайын болмай, мерзім 8 шілдеге шегерілген.
"8 шілдеде біз түпкілікті шешім қабылдаймыз деп үміттенемін. Оны (әкімдік ғимаратын-ред.) қалпына келтіретін боламыз. Біз алғаш рет жөндеу жұмыстарымен айналысатын 5 алматылық компаниядан тұратын консорциум құрдық. Мен ғимаратты бұзудың қажеті жоқ деп санаймын.
Біз жұмысты жыл соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлаған болатынбыз. Бірақ күрделі жобалық шешімдерге байланысты кейінге қалдырылды. Бұл үш корпустың өзімен ғана байланысты емес, металы жанып кеткен күмбезді залға да қатысты болып отыр. ҚазҚСҒЗИ шатырды жеңіл әрі қауіпсіз етудің шешімін тапты", - дейді Алматы әкімі.
Досаевтың сөзінше, ғимаратты қалпына келтіру жұмысы келесі жылы Наурыз мейрамына дейін аяқталуы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977386-almaty-akimdiginin-gimaraty-qasan-qalpyna-keledi-dosaev-zauap-berdi/