Емізулі баласы бар әйелін ұрып-соқты деген күдікпен Ақмола тұрғыны ұсталды
Жарияланған күні:
Емізулі баласы бар әйелін ұрып-соқты деген күдікпен Щучинск тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ақмола облысының полиция департаменті хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 9 шілде күні Бурабай аудандық полиция басқармасына Щучинск тұрғынынан арыз түскен. Ол 33 жастағы азаматтық күйеуі ұрып-соққанын жеткізген.
Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін Қылмыстық кодекстің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Тәртіп сақшылары 8-9 шілде аралығында ер адамның 5 айлық баланың анасына дене жарақатын салғанын анықтады.
Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 110-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Сонымен қатар Ақмола облыстық ПД ер адам бұған дейін азаматтық некедегі әйелінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 7 мәрте әкімшілік жауапқа тартылғанын атап өтті.
Одан бөлек, күдіктіге қатысты Бурабай аудандық сотының өндірісінде ӘҚБтК-нің 73-бабы 2-бөлігі (Ұрып-соғу) бойынша екі әкімшілік материал қаралуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977916-emizuli-balasy-bar-aielin-uryp-soqty-degen-kudikpen-aqmola-turgyny-ustaldy/