Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Салоннан көлік аламыз деп алаяқтарға 7 млрд теңге аударған елордалықтар шу шығарды

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Елорда тұрғындары су жаңа автокөлік аламыз деп жеке компанияға 7 млрд теңге аударған. Тіпті 60 млн теңге санап бергендері де бар. Алданып қалғандар ақшасын қайтарып, жауаптылардың жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, салоннан су жаңа автокөлік сатып аламын деп алданып қалғандардың бірі Данияр Бегімбетов. Айтуынша, 7 млн 800 мың теңге ақша салған. Қомақты қаражатты салу үшін ол мың ойланып, тіпті заңгерлерден кеңес алған.

"Біз келдік, жарнама жасады. Блогерлер ашқан, біз келдік, қағазды заңгерлерге көрсеттік. Бекерден-бекер бере салмайсың ғой 7 млн теңгені. Ондай заман емес қой. Оны заң жүзінде болады деді", - дейді Данияр Бегімбетов.

Елордалық Сағдиолла Пірманов болса алғашқы жарнаға 6 млн теңгесін құйған. Компания қызметкерлері 40 күн ішінде көлікті әкеп береміз деп уәдені үйіп төккен. Бірақ содан бері көлік те, ақша да жоқ дейді.

"40 күннен кейін көлік аласыздар деді. Сосын мен айтқанмын, 1 млн тастап кетейін, қалғанын кейін құямыз деп. Жоқ қолма-қол ақша тастайсыздар деді. Қазір тура 1 жылды болды. 6 млн құйып кеттім", - деді Пірманов.

Жекеменшік компаниядан жапа шеккендердің саны қазір 400-ге жуықтаған. Олар сан соғып қалғандарын біле салысымен құзырлы органдарға арызданыпты. Бірақ мәселенің шешілетін түрі жоқ деп отыр.

"Бізге ешкім келіп айтпайды, шақырып айтпайды. Сот болады, болмайды қашан болады. Ешқандай хабар жоқ. Келесің қайтарып жібереді. Болды сол", - деді Ерболат Сұлтанбеков.

Ал жергілікті полиция департаменті бұл іске қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Енді жәбірленушілер іспен толық танысу керектігін айтты. Күдікке іліккен 3 адам қазір қамауда. Оларға қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментімен Nur-Avtо.Kz қылмыстық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта іспен танысу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іспен танысып болған соң материал сотқа жолданады", - Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметінің жетекшісі

Жәбірленушілердің талабы бір. Ақшамызды қайтарса, жауаптылар жазасын алса дейді. Ал, құзырлы орган қызметкерлері жәбірленушілермен жеке-жеке кездесіп, сотқа дейінгі амалдарды айтып отыратындарын жеткізді.

Ә. Дүкембаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977956-salonnan-kolik-alamyz-dep-alayaqtarga-7-mlrd-tenge-audargan-elordalyqtar-su-sygardy/

pixel