Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"48 мың жыл бұрын өмір сүрген": Қазақстанның оңтүстігінде адам сүйегі мен көне заттар табылды (видео)

Жарияланған күні:

Археологтар адам сүйегін тапты
Скриншот: otyrar.kz

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай тауында орналасқан Тұттыбұлақ үңгірінен ғалымдар адамның бас сүйегін, тісін және өзге де көне заттарды тапқан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі "Отырар" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның жазуынша, 2017 жылы басталған қазба жұмыстары нәтижесінде Тұттыбұлақ үңгірінен аю мен адам тісі, қырғыш, жоңу құралы, шыбық тәрізді түрлі заттар табылған.

Сонымен қатар былтыр адамның бас сүйегі мен түрлі тас құралдары табылған. Мамандар бас сүйек алғашқы қауым өкіліне тиесілі болуы мүмкін деп болжайды. Бірақ бұл түпкілікті зерттеу нәтижесінен кейін белгілі болмақ.

Одан бөлек бұл жерден мыңдаған жыл бойы жатқан күл қалдықтары да табылған.

Ал оны зерттеу барысында Тұттыбұлақ үңгірінде 48 мың жыл бұрын адамдардың өмір сүргені анықталған.

"Тюбинген университетінің ғалымдарымен Тұттыбұлақ үңгірін зерттеп жатырмыз. Оның ішінде Испания, Америка, Греция, Румыния және біздің мемлекет өкілдері де бар. Ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр мұнда тарихи жәдігерлер мен күл қалдықтары табылды. Үңгірдің ішінде пеш болған. Осы күлді зерттеу кезінде мұнда 48 мың жыл бұрын адамдар өмір сүргені дәлелденді. Біз әлі де қазба жұмыстарын жалғастырып жатырмыз", – дейді Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағанбетов.

Ал зерттеуші-археолог Абай Наденнің айтуынша, экспедиция кезінде табылған 4 тас құралының әрқайсысы жеке шикізаттан жасалған. Сондай-ақ Тұттыбұлақ өзенінен кварц табылған.

"Бұл үңгірдің маңында мұндай шикізат көп емес. Дегенмен адамдар өздеріне қажетті материалды тауып, осы кварцты таңдап, одан тас құралдарын жасаған", – дейді Абай Наден.

Зерттеушілердің сөзінше, Тұттыбұлақ – жәдігерлер табылған Қазақстандағы алғашқы үңгір.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978014-48-myn-zyl-buryn-omir-surgen-qazaqstannyn-ontustiginde-adam-suiegi-men-kone-zattar-tabyldy-video/