Әлихан Смайылов Елена Рыбакинаға "Достық" орденін табыстады (фото)
Жарияланған күні:
Еліміздің премьер-министрі Әлихан Смайылов "Уимблдон" турнирінің Қазақстаннан шыққан тұңғыш чемпионы, теннисші Елена Рыбакинамен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Үкімет басшысы Елена Рыбакинаға президент жарлығымен спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін берілген II дәрежелі "Достық" орденін табыс етті.
"Барлық қазақстандықтар сіздің әлемнің ең атақты теннисшілерімен сайыстарыңызды бақылап отырды. "Үлкен дулыға" турнирінде жеңіске жетіп, сіз отандастарымыздың үмітін ақтадыңыз, сондай-ақ Қазақстанда теннисті дәріптеуге баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің жеңісіңіз жас спортшыларды ынталандыра түседі деп сенемін", - дейді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Елена Рыбакина жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, қазақстандықтардың қолдауын сезініп жүретінін айтты.
"Әрине, мен отандастарымыздың қолдауын ұдайы сезінемін. Бұл мен үшін үлкен қуаныш пен жауапкершілік. Кеше Қазақстанға ұшып келгенде мені қарсы алған адамның көп болғанын көрдім. Бұл жағдайдың менің басымнан өтіп жатқанына әлі де сене алар емеспін", - дейді теннисші премьер-министрмен кездесуден кейін.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы жекелей сында биыл отандасымыз Елена Рыбакина алғаш рет "Уимблдон" турнирінің жеңімпазы атанды.
Финалда ол әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жаберді жеңді.
Бұл Қазақстан үшін тарихи жеңіс. Себебі осы уақытқа дейін ешбір қазақстандық теннисші "Үлкен дулыға" жарысының титулын иеленбеген еді.
Күні кеше президент спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Елена Рыбакинаны ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978054-alixan-smaiylov-elena-rybakinaga-dostyq-ordenin-tabystady-foto/