Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде үздік отбасылар анықталды (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде үздік отбасылар анықталды
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ақтөбедегі Триатлон саябағында "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

2014 жылдан бері жыл сайын республика көлемінде өткізіліп келе жатқан "Мерейлі отбасы" - Президент Өкімімен бекітілген бірден-бір ұлттық байқау.

Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және жарасымды отбасы мен некені насихаттауға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған байқаудың қалалық кезеңінің жүлдегерлерін Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров құттықтады.

"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы басталғалы қалалық кезеңге 200-ден астам отбасы қатысты. Оның ішінде аталған байқаудың республикалық кезеңінде жеңіске жеткендері де бар. Олар - он баланың ата-анасы - Ұлы Отан соғысының ардагері Абдолла ақсақал мен "Батыр ана" Әлила Нұсқабаевтар, әлемге танымал Димаш Құдайбергендей дара жұлдызды тәрбиелеп өсірген Айтбаевтар отбасы. Ал биыл байқаудың қалалық кезеңіне қатысуға 24 отбасы өтініш білдірді. Жарасымды отбасының үлгісін көрсетіп, ұлт тәрбиесіне атсалысып жүрген жеңімпаз отбасыларды құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз берекелі, мерекелі болсын!", - дейді Асхат Шахаров.

Одан соң "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының қалалық кезеңінің бас жүлдесін жеңіп алған Мәденовтер әулетіне қала әкімі диплом мен 400 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Ақтөбеде үздік отбасылар анықталды
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Жеңімпаз отбасының тірегі Төрехан ақсақал отыз бес жылдай уақыт ұстаздық еткен. Отанасы Гүлжамал Өмірзақова бір кездері Оймауыт балабақшасында тәрбиеші болған, бүгінде зейнеткер. Бес бала тәрбиелеп өсірген олар бүгінде 14 немере сүйіп отыр. Келесі жылы отау құрғандарына 50 жыл болатын өнегелі отбасы иелері шаңырақтың берік болуының кілті татулықта екендігін айтады.

Бірінші орынға ие болған үш буынға жалғасқан прокурорлар әулеті - Еспановтарға қала әкімі диплом мен 350 мың теңгенің сертификатын тапсырды.

Прокурорлар әулетіндегі мамандық сабақтастығы былайша өріледі: Алдаберген Еспанов Шалқар аудандық прокуратурасында аға прокурор қызметін атқарды. Оның әкесі Махамбет-Әли Мәртөк аудандық прокуратурасында тергеуші, Ақтөбе облыстық прокуратурасында аға тергеуші болып еңбек етті. Бүгінде Алдабергеннің ұлы Жәнібек - Астана аудандық прокуратурасының бөлім басшысы, 4 баланың әкесі.

Ақтөбеде үздік отбасылар анықталды
Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Екінші орынға өрт сөндірушілер отбасы - Сұлтановтар ие болды. Аталған отбасының тірегі Қайрат Сағидоллаұлы Ақтау, Ақтөбе қалаларында мамандандырылған өрт сөндіру мекемесінде қызмет атқарып, капитан шенімен зейнетке шыққан. Екі ұлы, 7 немересі бар. Ұлдарының бірі Жанболат Сұлтанов - Ақтөбедегі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға құтқарушысы.

Үшінші орынды 8 бала тәрбиелеп отырған Өтепбаевтар отбасы иеленді. Шаңырақтың тірегі Дүйсенғали Рысмағамбетұлы 30 жылдан бері құрылыс саласында қызмет атқарады. Зайыбы Эльвира Хамитқызы - "Алтын алқа" төсбелгісінің иегері, жеке кәсіпкер.

Байқаудың барлық қатысушысына қала әкімінің Алғыс хаты мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978102-aqtobede-uzdik-otbasylar-anyqtaldy-foto/

pixel