Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Иістеніп жатыр": Құрбан айт кезінде ішек-қарындарды қоқысқа тастағандар елдің ашуына тиді (фото)

Опубликовано:

қоқысқа тасталған малдың ішек құрылысы
Фото: facebook.com/Demegen Bekimov

Атырауда мал терілері мен ішек-қарындарын қоқыс жәшіктері мен оның маңына тастағандар жұрттың ашуына тиді. Желі қолданушысы бұл Құрбан айт кезінде сойылған малдың қалдықтары деп жазуда. Бұған қатысты имам пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қойдың терісі мен ішек-қарнының жерде шашылып жатқаны бейнеленген суретті Facebook желісінде желі қолданушыларының бірі жариялады.

"Құрбан айттың бірінші күні. Атырау қаласы Тракторный көшесі қиылысындағы кешегі жағдай", - деп жазды ол.

Бұл фотоға қатысты желідегілер түрлі пікір жазды.

"Ішек-қарын тазалауға еріне ме екен. Құран оқылып сойылғасын тастамау керек емес пе?!", "Ең болмаса көміп тастау керек еді, өйткені инфекция тарау қаупі бар", "Құдай-ау, қолдарынан келмесе маған әкеліп берсе, ішек-қарнын ас ішегімен бірге тазалап, балаларыма ас қылып берер ем. Қаншама ысырап?", - деп жазды олар.

қоқысқа тасталған малдың ішек құрылысы
Фото: facebook.com/Demegen Bekimov

Атырауда қоқыс жинаумен айналысатын "Спецавтобаза" ЖШС басшысы Алмас Ізтлеуовтің айтуынша, Құрбан айт мерекесінің үш күнінде де қала бойынша қоқыс жәшіктері сойылған малдың қалдықтарына толып тұрған.

Әсіресе, Құрманғазы көшесі бойындағы базар жанын жұмысшылар күніне бірнеше рет тазалаумен болған.

"Әрине, Құрбан айт мерекесі болғасын мал сойылады. Дегенмен оның қалдықтарын арнайы орындарға тапсырған дұрыс. Оларды қоқысқа тастауға болмайтыны туралы алдын ала хабарландыру да бердік. Соған қарамастан, 3 күн бойы бүкіл қала бойынша қоқыс жәшіктеріне тұрғындар қойдың терісін, ішек-қарнын, сирақтарын, тіпті басын да тастап кеткен. Онымен қоса қазір дала ыстық, шыбын-шіркей тез үймелейді. Енді барлық қоқыс орындарын хлормен тазалаймыз, өйткені иістеніп жатыр", - дейді Алмас Ізтлеуов.

Құрбандыққа шалған малдың ішек-қарындарын қоқысқа тастағандардың құрбандығы қабыл бола ма? Бұған қатысты мешіт имамы жауап берді.

қоқысқа тасталған малдың терісі
Фото: facebook.com/Demegen Bekimov

Атырау облыстық орталық "Иманғали" мешітінің наиб имамы Арман Исаевтың сөзінше, құрбандық шалғанда ысырапқа жол бермеу керек, малдың басы, ішек-қарны, тіпті тұяғына дейін кәдеге жаратылуы тиіс.

"Малдың терісіне келетін болсақ, ол да ысырап болмаған жөн. Бірақ Атырауда тері өңдейтін зауыттар әзірге жоқ. Сондықтан кей адамдар амалсыздан оны қоқысқа тастап жатады. Болашақта арнайы зауыт салу мәселесін қолға алу керек. Сонда ешбір мал ысырап болмайды. Теріні өткізіп, одан түскен ақшаны садақа қылу қажет", - дейді наиб имам Арман Исаев.

Материл авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978191-iistenip-zatyr-qurban-aittan-son-qoqysqa-tastalgan-qoidyn-isek-qaryndary-eldin-asuyna-tidi-foto/

pixel