Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрігерлер қатты таң қалды": Маңғыстауда 12-ші баласын дүниеге әкелген көпбалалы ана арнайы сұхбат берді (фото)

Опубликовано:

Сүндет пен Айнұр балаларымен
Сүндет пен Айнұр балаларымен. Фото: Жеке мұрағат

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұратын Айнұр Жұманбетова 12-сәбиін дүниеге әкелді. 37 жасында 12 баланың анасы атанған келіншек KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, өміріндегі ең бақытты кезеңдерді өткеріп жатқанын айтты.

Айнұр жолдасы Сүндетпен бірге Маңғыстау облысында тұрады. Ал өзі Жетісайдың тумасы. 18 жасында тұрмыс құрған келіншектің үлкені 17-ден асса, ең кіші сәбиі жақында дүниеге келді.

"Әр баламның арасы 1 -1,5 жастан. Сәбилерімді жоспарлы түрде дүниеге әкелдім дей алмаймын. Барлығын Алла берді. Құрсағыма біткен сәбиді аман-есен өмірге әкелу үшін күш берді. Аллаға сансыз шүкір. 12-баламыздың жынысын әдейі сұрамадық. Жүкті екенімді білгенде күйеуім де қатты қуанып, қыз болғанын қалады. Үлкен екі балам ұл күтті. Осылайша, айы-күні толған соң Мұхаммед-Әминіміз жарық дүние есігін ашты. Сол кезде ұлдарым қатты қуанды.

Әрине, менің 12-баланы босанатынымды естіген дәрігерлер қатты таң қалды. "Өзіңді жақсы күтіпсің, денсаулығың жақсы екен. Төртінші баласын босанатын әйелге ұқсайсың", - деп ақ халаттылар таңданысын жасырмады.

Оның үстіне, балаларымның бәрін де табиғи жолмен босандым. Бұл да құдайдың берген көмегі шығар. Қазір үлкен екі ұлым шаруашылыққа көмектеседі. Қыздарым үй тірлігінен босамайды. Өзім үйдемін, бала тәрбиесі менің мойнымда", — дейді Айнұр.

12 баланың анасы көпбалалы отбасы ретінде алатын мемлекеттік жәрдемақы көлемін де айтты.

"Алтын алқа" мен балаларға берілетін жәрдемақыны қосқанда, үкіметтен жалпы есебі 160 мың теңге аламын. Көпбалалы отбасы ретінде былтыр арендалық пәтерімізді алдық. Кезегімізді күтіп, өз ретімен иелендік. Пәтеріміздің көлемі - 60 шаршы метр. Әрине, 12 балаға тарлық етеді. Бірақ біз ешкімнен көмек сұрамай, өз күшімізбен, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан отбасымыз. Баланы тусақ, өзіміз үшін тудық.

Мемлекетке де, жақын туыстарымызға да күш салған емеспіз, ештеңе дәм етпейміз. Күш салмаймыз да. Алла өзімізге қуат берсін. Балаларым аман болсын. Жолдасым дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін бізді аш қалдырған емес. Өзі бала-шағасын бағып жатыр, мен олардың тәрбиесімен айналысамын. Балаларымның дені сау, тамағы тоқ, киімі бүтін. Басымызда баспана бар. Осыдан артық бақыт жоқ. Дәл қазір өзімді әлемдегі ең бақытты ана деп есептеймін", — дейді көпбалалы ана.

12 баланың ата-анасы Сүндет пен Айнұр
12 баланың ата-анасы Сүндет пен Айнұр. Фото: жеке мұрағат

Айнұр мен Сүндет бүгінде Ердос, Нұрдос, Сәнім, Берекет, Нұрай, Нұрислам, Заңғар, Исмаил, Ибрахим, Айша, Сафия және Мұхаммед-Әмин есімді 12 баланы тәрбиелеп отыр.

"Туыстарымыз мен жақындарымыз да қуанышымызға ортақтасып жатыр. Әр баланың өз несібесі бар, шүкір. Бүгінге дейін ешкімнен кем болған емеспіз. Денсаулық болса, қазақтың аналары халық санын көбейткені дұрыс. Ең бастысы - әйелдің денсаулығы жақсы болсын", — дейді Айнұр Жұманбетова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978213-darigerler-qatty-tan-qaldy-mangystauda-12-balasyn-duniege-akelgen-kopbalaly-ana-arnaiy-suxbat-berdi-foto/

pixel