Қазақстан университеттерінде оқу ақысы көтеріле ме: Министр жауап берді
Жарияланған күні:
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа оқу жылында еліміздегі ЖОО-ларда оқу ақысы көтеріле ме деген сауалға жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, жоғары оқу орындарындағы оқу ақысына бірнеше фактор әсер етеді.
"Ақылы білім бағасы - көпті толғандыратын мәселе. Бірнеше жоғары оқу орны, атап айтқанда батыс өңірдегілер бағаны көтерген. Біріншіден, бұл жекеменшік университеттер. Екіншіден, бірнеше жыл бұрын оқу ақысын көтеруге мараторий жарияланған болатын.
Енді ол күшін жойған соң бірқатар университет оқу ақысын көтере бастады. Осы ретте біз қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалды назарға аламыз", - деді ол.
Сонымен қатар министр мемлекеттік және ұлттық университеттерде оқу ақысы көтерілмейді деп сендірді.
"Мемлекеттік және ұлттық университеттердегі оқу ақысы өткен оқу жылының деңгейінде қалады. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз", - деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978311-qazaqstan-universitetterinde-oqu-aqysy-koterile-me-ministr-zauap-berdi/