Министр Алакөл әуежайындағы жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтауды тапсырды
Жарияланған күні:
Үшарал және Үржар әуежайларының жасанды ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар Алакөл көлінің жағалауын әуе көлігімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, ұшу-қону жолақтары мен перронды қайта жаңарту, жарық-сигналдық жабдық пен периметрлік қоршауды орнату көзделген. Жалпы әуежайлардағы қайта жөндеу жұмыстары қауіпсіздік пен сапа стандарттарының деңгейін арттыруға бағытталған.
Жөндеу жұмыстарын Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізіп жатқаны белгілі болды.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Үшарал әуежайын қайта жаңарту жұмыстары 20 шілдеде, ал Үржар әуежайындағы жұмыстар тамыз айының басында мәресіне жетеді деп жоспарланған.
Алайда мердігерлік ұйымдар тарапынан жұмыстың уақытылы орындалмауына байланысты нысан көрсетілген мерзімде тапсырылмаған.
"Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларында жүріп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жылдамырақ аяқтауды тапсырды", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978400-ministr-alakol-auezaiyndagy-zondeu-zumystaryn-tez-arada-ayaqtaudy-tapsyrdy/