Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Елу миллион теңге сұрағандар да бар": Имам мәһр сұрағанда әйелдерді ерінің жағдайына қарауға шақырды

Опубликовано:

Мәһрге көп зат сұраған дұрыс па: Имам жауабы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Неке қию кезінде мәһрге қымбат брендті киімдер мен қымбат маркалы көлік немесе қаладан пәтер сұрайтын жас келіндер қатары көбеюде. Осы орайда дінтанушы Нұрлан қажы Байжігітұлы мәһрге мұндай нәрсе сұрау дінде қаншалықты дұрыс екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нұрлан қажы Байжігітұлының сөзінше, шаңырақ көтергелі отырған жастарға имам неке жайлы түсіндіріп беруге міндетті. Алайда мәһрді шешіп беру оның қызметіне жатпайды.

"Мәһр — жұбайлардың арасында өзара шешілетін нәрсе. Оған молданың еш қатысы жоқ. Кейде имамдар да ортаға кіріп кетіп жатады. Бұл - дұрыс емес", - дейді ол.

Дінтанушының сөзінше, мәһр сұрағанда әйел ерінің жағдайына қарағаны жөн.

"Еркектің жағдайы болмауы да мүмкін. Сол себепті, мәһр сұрағанда әйел ерінің жағдайына қарағаны абзал. Әрине әйелге салсаң Lamborghini, пентхаус, пәтер деп кете береді. Мұндай кезде ер адам әйелімен саудаласып, ақылға қонымды нәрсеге көндіруі керек. Саудаласып, мәмілеге келсеңіз екі жақ та өкпелемейді", - дейді Нұрлан қажы.

Дінтанушының айтуынша, мәһрдің белгіленген мөлшері жоқ. Бірақ мәһрге 50 миллион теңге сұраған қалыңдық та, "махаббат сұраған" әйел де кездескен.

"Мәһрге елу миллион теңге сұрағандар да бар. Елу миллион, ойлаңызшы?.. Мен бір рет неке қиғанда, келіншек бес миллион теңгеге дейін сұрады. Сол кезде ерінің көңіл-күйі бірден түсіп кетті. Мұны түсінген әйелі "кешірдім" деп, күліп жіберді. Бір рет мәһрге ерінің өмірлік махаббатын сұраған әйел кездесті. Мәһрге махаббат беруге болмайды. Мәһр дейтін сатуға болатын, бағалы дүние. Құдай бетін әрі қылсын, егер ажырасып кетсеңіз, сіз екінші рет күйеуге тигенше мәһрге алған затыңызды сатып, күн көруіңіз керек. Мұның мағынасы сонда жатыр", — дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Сөз соңында дінтанушы мәһрге қандай сыйлық берілсе де, бастысы арадағы түсіністік екенін баса айтты.

"Шамаңыз келсе, жер бетіндегі жалғыз махаббатыңызға бүкіл Қазақстанның жер қойнауындағы байлықты сыйлап жіберіңіз. Бастысы — екеуара түсіністік болсын", - дейді Нұрлан қажы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978636-elu-million-tenge-suragandar-da-bar-imam-mahr-suraganda-aielderdi-erinin-zagdaiyna-qarauga-saqyrdy/

pixel