Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мынау масқара ғой": Ақтөбеде қаңғыбас иттер балалы әйелге шабуыл жасады (фото)

Жарияланған күні:

Ит
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде мектеп оқушысына иттер шабуыл жасаған жерде тағы бір оқиға тіркелді. Топтасып жүрген қаңғыбас иттер балалы әйелдің аяғынан қауып алған. Болған жайтқа қатысты облыстық ветеринария басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 15 шілде күні Ақтөбе қаласының Есет батыр ауданында тіркелді. Көшеде баласымен келе жатқан келіншекке 7-8 ит жүгірген. Бұл туралы жәбірленушінің жолдасы айтып берді.

"Кешкі мезгілде болды. Өзіміз Есет батыр ауылының 4-мөлтек ауданында тұрамыз. Сол күні  келіншегім 2 жасар баламмен 3-мөлтек ауданына барды. Құрылыс болып жатқан жерден 7-8 ит шығып, шабуылдаған. Келіншегім баланы қолына алып үлгерген, өзінің аяғынан тістеп алды. Жан-жақтан ит қаумалап жүгіргенде сол жерде адамдар болып, құтқарып қалған. Адам болмаса, не боларын ойлаудың өзі қиын",- дейді Тимур Бисембаев.

Келіншектің шырылдаған дауысын бірінші болып құрылыс басындағы күзетшілер естіген. Бірден таяқпен шығып, иттерді қуалаған. Оқиға куәгерлері балалы ананы иттен әрең ажыратып алғандарын айтады. Адамға шапұан жануарлардан әбден үрейленіп қалған аудан тұрғындары қолданылатын шараны күшейтуді талап етеді.

Ақтөбеде балалы әйелге ит шабуылдады
Фото: Куәгерлер

Аудан тұрғыны Алтынгүл Жарылғапова қызын ит талап, құйқасына дейін жұлып алған оқиғаның да тап сол жерде болғанын айтады.

"Мынау масқара ғой. Ит десе жанымызды қоярға жер таба алмай отырмыз. Кеше балалы келіншекті ит тістеді. Оқиға менің қызымды ит талап, құйқасына дейін жұлып алған жерде болды. Біз көктемде болған оқиғаны ұмыта алмай жүргенде жағдай тағы қайталанып тұр. Естуімше, иттер балаға қарай жүгірген. Анасы баланы қолына алып үлгерген. Иттер келіншектің аяғынан тістеп үлгерді. Адамға шауып үйренген иттерден қашанға дейін қорқып отырамыз. Біз үкіметтен нақты, қатаң шара қолдануды сұраймыз", - дейді Алтынгүл Жарылғапова.

Облыстық полиция департаменті келіншекті ит тістеу оқиғасына қатысты арыз түскенін растайды. Полиция шара қолдану үшін істі ветеринария басқармасына жіберген.

"Есет батыр ауданында болған соңғы жағдайдан кейін сенбі, жексенбі күндері Ақтөбе қалалық ветеринарлық станциясы 19 бас итті аулады",- деп хабарлайды облыстық ветеринария  басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың басынын 2 наурызға дейін облыс бойынша 3792 бас ит ауланып, жойылған. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 2294 бас ит ауланды.

Ал "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" жаңа заң 2 наурызда заңды күшіне енген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 4302 бас қаңғыбас және қараусыз ит ауланған.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978979-mynau-masqara-goi-aqtobede-qangybas-itter-balaly-aielge-sabuyl-zasady-foto/