Қазақстанда сүт бағасы қымбаттап жатыр
Жарияланған күні:
Елімізде сүт қымбаттап жатыр. Жыл басынан бері өнімнің құны 17 пайызға өссе, 1 айда 2 пайызға шарықтап шыға келген. Оның үстіне, биыл сүт пен кілегей өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмендеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, елімізде сүт өндірісі көңіл көншітпей тұр. Мәселен, биыл сүт пен кілегей өндірісі 235 мың тоннадан ғана асқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға төмен әрі соңғы алты жыл ішіндегі өндіріс қарқынының алғаш рет төмен нәтиже көрсетуі екен.
Сәйкесінше, сүт бағасы да шарықтап шыға келген. Жыл басынан бері майлылығы 2 жарым пайызды құрайтын сүттің құны 18 пайызға қымбаттаған. Бағаның бұлай құбылуына сүт өндіретін кәсіпкерлер бірнеше себеп айтты.
"Біріншіден Ресейден келетін қаптама қымбаттап жатыр. Егер қаңтар айындағы бағаны бүгінгі күнмен салыстырсақ, сүт құюға арналған қаптаманың құны 135 пайызға өскен. Өткен жылдан бастап электр энергиясы мен судың да бағасы 20 пайызға көтерілген.
Әрі Текелі қаласынан Алматыға дейін тасымалдау қиындап кетті. Өйткені, биыл жол қымбат. Мысалы бұрын бір рейс үшін 1400 теңге төлесек, қазір 4600 теңгені әрбір көлік үшін төлейміз. Әрине, сүттің әлеуметтік маңыздылығы бар екенін түсінеміз. Бірақ, бағаны біз де сәл көтермесек, шығынға батамыз", - деді кәсіпкер Денис Дё.
Сүт одағы өкілі ақтың құны тек елімізде ғана емес, әлем бойынша да 34 пайызға көтерілгенін айтады. Олар мемлекет кәсіпкерлерге қол ұшын созып, субсидияның мөлшері қайта қарастырылмаса, сүттің бағасы тоқтамай қымбаттай беруі мүмкін деп отыр.
"Елімізде барлығы қымбаттап жатыр. Сәйкесінше, сүттің бағасы да өскен. Енді мемлекеттен кәсіпкерлерге қолдау қажет. Баға одан әрі шарықтамас үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау мөлшерлемесін қайта қарастыруы керек. Өйткені, қазіргі белгіленген мөлшерлеме сүт саласындағылардың көңілінен шықпайды. Әрі, ылғи уақытында беріліп отырады деп айта алмаймын. Бұл да бір үлкен мәселе", - деді сүт одағының өкілі Дінмұхамед Айсауытов.
Ал әкімдіктің келтірген мәліметі басқаша. Соңғы екі айда сүттің құны тұрақты деген атқамінерлер жалпы әлеуметтік маңыздылығы бар азық-түлік тауларларының бағасын ұстап тұру үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз дейді. Оған бюджеттен 15 миллиард теңге бөлініпті.
"Сүт өнімдерінің және басқа да сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша күрделі жұмыстар жүргізілуде. Осы обороттық заим және форфордтық закуптар бойынша қаражаттар бөлініп, бағаны тұрақтандыруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауларларына бағаны тұрақтандыру үшін 15 миллиард бөлінген болатын. Ол қаражаттың барлығы қайтарымды", - деді Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаров.
Жауаптылар азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін барымызды саламыз дегенімен, күн өткен сайын тұрғындардың қалтасы көтермей барады.
Мысалға, биыл сол әлеуметтік маңыздылығы бар азық-түлікке кіретін сүтті тұтыну орта есеппен жан басына шаққанда 3 жарым литрді құрапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға аз.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1979253-qazaqstanda-sut-bagasy-qymbattap-zatyr/