Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың атын әлемге танытқым келеді": Арабтарға бәсекелес болған Гүлім арманы туралы айтты (фото)

Жарияланған күні:

Гүлім Аяғанова
Гүлім Аяғанова. Фото: Гүлім Аяғанованың жеке мұрағаты

Ат спортының шебері, Біріккен Араб әмірліктері президенті куогының үш мәрте иегері Гүлім Аяғанова алдағы жоспары мен арманы туралы айтып, көлімді сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Гүлім Аяғанова 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Қарақамыс ауылында дүниеге келген.

"Отбасында үш ағайындымыз. Мен үйдің кенжесімін. Анам ұлағатты ұстаз, қазір зейнетке шыққан. Әкем-қарапайым жұмыскер. Жоғары білімді Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтының "аударма ісі" мамандығы бойынша алдым. Ағылшын тілін сол кезден жақсы меңгергенмін, өз ана тілім мен орыс тілін қоспағанда, хинди тілінде де еркін сөйлей аламын", - дейді Гүлім Қанатызы.

Шабандоздың айтуынша, ауылдың қарапайым қызы болған соң, атқа еркін мініп, шаба алады. Кішкентай кезінен жылқы жануарына жақын болған.

"Үйдегілердің айтуы бойынша, мен кішкентайымнан ештеңеден қорықпайтын, қайсар мінезді болған екенмін. Тіпті кішкентай кезімде жылқы атаулыға жүген салмай-ақ отырып, шабатын кездерім болыпты. Сондықтан жылқыға деген махаббат уақыт өте келе пайда болды деп айта алмаймын, ол біздің, яғни әрбір қазақтың бойында бар нәрсе. Қазақ үшін жылқының алар орны әрқашан ерекше", - дейді Гүлім Аяғанова. 

Гүлім Аяғанова
Гүлім Аяғанова. Фото: Гүлім Аяғанованың жеке мұрағаты

Гүлім қазіргі кезде Дубайда ат спорты бойынша жаттығады. Оның сөзінше, Біріккен Араб әмірліктерінде тұрып жатқанына 7 жыл болған.

"Бір досымның айтуы бойынша  Дубайдағы атқора (конюшня) туралы естідім. Дубайға барган кезімде сол жердің бастығымен кездесіп, оларда жұмыс істегім келетінін жеткіздім. Ол кісі мені атқа мінгізіп, сол жерде білетінімді көрсетуімді сұрады. Одан кейін мені жұмысқа алуға келісті. Осы сәттен бастап жарысу үшін рұқсат алып, біліктіліктен өтіп,әртүрлі додаларға қатыса бастадым. Бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық жарысқа қатыстым. Дубайда Al Jiyad Stables атқорасының атынан жарысқа қатысамын. Бірақ есімім Қазақстан Туымен бірге жазылады. Халықаралық жарыстарға да үзбей қатысып тұрамын. Олардың нәтижесінде халықаралық 3 жұлдыз дәрежесіне ие болдым. Ол ең жоғары дәреже болып есептеледі", - деді Гүлім Аяғанова. 

Гүлім Аяғанова
Гүлім Аяғанова. Фото: Гүлім Аяғанованың жеке мұрағаты

Сондай-ақ отандасымыз Ресейде өткен Евразия кубогінде  5-орын алған. Ал командалық есепте 2-орынға ие болған. 

"Халықаралық сайыстың ауқымы басқаша ғой, көп дайындықты, өжеттілікті, шыдамдылықты қажет етеді. Қазір жұмысымның бәрі атпен байланысты болған соң, біліктілік кезеңдерінен өтіп, жарыстарға жолдама алу- басты мақсатым. Сондықтан көп дайындаламын, күтіп тұрған талай сындар болады, мысалы, әртүрлі дене жарақатын аласың, олардан да мойымай өтуге тырысамын.  Себебі "еңбегім жансын десең, ебін тап" дейді ғой. Соның арқасында алған жүлделерім аз емес. Әбу-Дабиде өтетін БАӘ президентінің кубогі – ең маңызды сайыс, ол жерде үш мәрте жүлдегерлер қатарында болдым. 2020 жылы ат спортынан "Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері" атағын алдым. Бұл - мен үшін үлкен жетістік. Алайда өз біліміммен, көрген-түйгеніммен өз елімде бөліссем деген арманым бар. Отбасыңнан шалғайда өмір сүру қиындау", - деді шабандоз. 

Гүлім Аяғанова
Гүлім Аяғанова. Фото: Гүлім Аяғанованың жеке мұрағаты

Сөз соңында Гүлім Қанатқызы ат спортына қатысты асқақ арманы туралы айтып берді.

"Ат спортына қатысты арманым  - ол дамыту, балаларға мектеп ашу, өзіміздің қазақстандық жылқыларды көбейтіп, оларды жарыстарға шығарып, қазақтың атын әлемге таныту, - деді отандасымыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1979887-qazaqtyn-atyn-alemge-tanytqym-keledi-arabtarga-basekeles-bolgan-gulim-armany-turaly-aitty-foto/