Алакөл балшығының емдік пайдасы бар ма: Ғалымдар пікір білдірді
Жарияланған күні:
Алакөл маңы тұрғындары ғалымдардан жергілікті жердің табиғи байлығының ерекшелігіне назар аударуды сұрайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар туристерге Алакөл балшығының пайдасы туралы сағаттап айтуға дайын. Бірақ бұл тұжырым бойынша әлі нақты ғылыми дерек жоқ.
Десе де, бүгінгі таңда балшықпен емдеу мұнда келушілер арасында өте танымал болып отыр.
Телеарнаның мәліметінше, Алакөлде биыл емдік балшықтың бағасы айтарлықтай өскен. Жергілікті тұрғындар емдік балшықтың бір бөтелкесін 700-1000 теңгеге сатуда. Бір жыл бұрын бұл баға бірнеше есе арзан болған. Демалушылардың өздері де мұндай стихиялы сауданы құптамайды, бірақ балшыққа сұраныс жоғары.
"Алакөл шипалы көл саналады. Аңыз бойынша мұнда жоңғарлармен болған ауыр шайқастардан кейін батырлар емделген. Емдік қасиеттерін өзім қолданып көрейін деп шештім", - дейді Жанат Сұлтанов есімді турист.
Туристер Алакөлдің емдік қасиеті туралы аңыздардан ғана естігенін алға тартады. Осы ретте Алакөл ойпатының топырағы мен су құрамын ғылыми тұрғыдан зерттеу әлі де өзекті болып отыр.
"Әлі толық зерттелмеген, құрамы толық анықталмаған балшықты әр түрлі ауруларға ем деп пайдаланып жүр. Арнайы мамандар зерттеуі керек. Химиялық құрамы анықталуға тиіс. Медициналық тұрғыдан зерттелуі қажет. Әр түрлі сараптардан өткізіп барып, пайдаланған жөн деп ойлаймын", - дейді Химиялық технология және экология кафедрасының аға оқытушысы Әсел Мұрзалимова.
Ал геолог Олег Гавриленконың айтуынша, Алакөл балшығының құрамында радон болуы әбден мүмкін. Бірақ мұны зерттеу керек дейді ғалым.
Жаңа ғылыми жаңалықтар жағалаудағы сауықтыру туризмін одан әрі дамытуға жақсы себеп болуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980148-alakol-balsygynyn-emdik-paidasy-bar-ma-galymdar-pikir-bildirdi/