Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов бостандыққа шықты

Опубликовано:

Ысқақ
Фото: e-kyzylorda.gov.kz

2020 жылы желтоқсанда 7 жылға бас бостандығынан айырылған Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жазасы жеңілдетіліп, мерзімі қысқартылды. Жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылды. Бұрынғы шенеунік бостандыққа шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қызылорда қаласының №2 сотының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы үкімімен Қуанышбек Ысқақов Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылған.

Оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде жазасын өтеуге міндеттелді және өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынған болатын.

"Жазаны өтеу мерзімі 2020 жылдың 10 желтоқсанынан бастап есептелді. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасының қаулысымен үкiм жаза тағайындау бөлігінде өзгертілді, бас бостандығынан айыру мерзімі 6 жылға дейін қысқартылды", - делінген сот хабарламасында.

Соттың баспасөз қызметі бұрынғы мемлекеттік қызметкердің жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен – айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы өтініш білдіргенін қоса кетті.

Сотта ЗК-169/5 мекемесінің өкілі сотталушыға берілген мінездемені қолдап, жазаны өтеу кезінде оның белгіленген тәртіп пен режим талаптарын бұзбағанын, оған қатысты екі көтермелеу шарасы қолданылғанын, айыппұл салынбағанын, жеңіл жағдайда ұсталып, мүліктік залал және процессуалдық шығындар толығымен өтелгенін атап өткен.

Жәбірленушінің өкілі де жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтінішіне қарсылық білдірмеген.

Нәтижесінде Қуанышбек Ысқақовтың өтініші қанағаттандырылған.

"Жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жазаға - 3 жыл 11 ай 12 күн мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыстырылды", - деп хабарлайды Қызылорда қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Облыстық сот сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанын түсіндірді.

Бұған дейін белгілі болғандай, қылмыстық істі қозғауға "Сыр мейірімі" қорының атқарушы директорының жемқорлықпен күрескерлер көмегіне жүгінуі себеп болған. Ұйым Арыс қаласын қалпына келтіру үшін төрт құрылыс компаниясына 80 миллион теңге бөлгенімен, шенеуніктер мен кәсіпкерлерден қаражаттың жұмсалуын растайтын құжат алмаған.

Нәтижесінде айыпталушы ретінде сот алдына 5 адам келген еді, олар: Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов, оның екі орынбасары Мұрат Имандосов пен Марат Делмұханов, сондай-ақ екі кәсіпкер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмайылов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980230-qyzylorda-oblysynyn-buryngy-akimi-quanysbek-ysqaqov-bostandyqqa-syqty/

pixel