Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әзірет Сұлтан" мешіті жеті балалы келіншекті неліктен мешітке қондырмағанын түсіндірді

Опубликовано:

Көпбалалы ана мешітке қондырмағанын айтып, шағымданды
"Әзірет Сұлтан" мешіті. Фото: sunna.kz

Әлеуметтік желідегі KYN парақшасында 7 баласы бар әйелдің елордадағы "Әзірет Сұлтан" мешітіне келіп, өзін балаларымен бірге мешітте қондыруын сұрағаны жайлы видеожазба жарияланды. "Әзірет Сұлтан" мешіті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видеожазбада көпбалалы келіншек мешіт имамының оны сыртқа шығарып жібергенін айтады.

"Мешіттен бас имам шығып, маған қандай көмек керегін сұрады. Мен жеті баламмен бір түн қонып шығайын деп едім, менімен ұрысып, айғайласып, ішке кіріп кетті. Қазір қайырымды жандар жинап берген ақшаны алып, қонақүйге барамын. Ол жаққа да жеті баламен кіргізе ме, білмеймін. Иә, мешіт имамының мені қондырмай, шығарып жібергені рас. Мен жай ғана бір түнге қонып шығуды өтіндім. Ол айғай шығарып, ешқандай шешім қабылдамай, ішке кіріп кетті", - дейді келіншек.

Көпбалалы ананың мешітке қона алмағаны желі қолданушыларының ашуын туғызды. Осы орайда, "Әзірет Сұлтан" мешіті жеті балалы ананы мешітке неліктен кіргізбегенін түсіндірді.

"Көпбалалы келіншек 20 шілде күні кешкі сағат 19:00 кезінде (екінті намазынан кейін) мешітке көмек сұрап келді. Ол мешіттің күзетшісінен өзін балаларымен бірге мешітте қондыруын талап еткен, тамақ беруді сұраған.

Сол уақытта "Әзірет Сұлтан" мешіті бас имамының міндетін атқарушы Әділхан Иманәліұлы келіп, ол кісіден қандай көмек керек екенін сұраған. Имам мешіттің ішкі ережесі мен тәртібі бойынша құлшылық үйінде қонуға рұқсат берілмейтінін жеткізді. Алайда имам мешіттің қаржылық мүмкіндігі аясында оған материалдық көмек көрсетілетінін айтты.

Өкінішке қарай, әлгі әйел бұл ұсынысты қабылдамай, өз ұстанымынан қайтпай, мешітте ғана қонатынын айтты. Осылайша, ашуға берілген күйі имамның ұсыныстарын тыңдамастан, мешіттен шығып кетті.

"Әзірет Сұлтан" мешіті көмек сұрап келген шынайы мұқтаж адамдарға қашан да қол ұшын созып келеді. Алайда мешіттің ішкі ережесі мен тәртібіне сәйкес, құлшылық үйінде қонуға болмайтынын тағы да қаперге саламыз. Мұндай жағдайда имамдар мүмкіндігінше қонатын басқа орын тауып беруге тырысады.

Дін қызметкері ешқашан ешкімге бейпіл сөз айтып, мешіттен қуып шыққан емес. БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан бұл оқиғаға байланысты біржақты пікір таратпауын сұраймыз", - делінген мешіттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980423-aziret-sultan-mesiti-zeti-balaly-kelinsekti-nelikten-mesitke-qondyrmaganyn-tusindirdi/

pixel