Түркістан облысында мектеп түлектері көпбалалы отбасыға үш бөлмелі үй сыйлады
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Ордабасы ауданында орналасқан Бадам ауылында тағы бір жанұя баспаналы болды. Жаңа үш бөлмелі үйді көпбалалы отбасыға 2001 жылғы түлектер тарту еткен, деп хабарлайды otyrar.kz.
Жаңа баспананың иесі қазір Бадам ауылының бас имамы қызметін атқарып жүрген Бейбіт Нағыбаев. Ол 4 баланың әкесі.
Үнемі ауылда атқарылып жатқан қайырымды істердің басы-қасында жүрген ер азамат "үйді маған береді деп ойламадым" дейді. Жанұясына қуаныш сыйлағандарға алғысын білдірген Бейбіт Нағыбаев қазір үйдің құжаттарын рәсімдеп жатқанын жеткізді.
Түлектер 3 бөлмелі үй бір жылдың ішінде салынғанын атап өтті.
"20 жылдықтың қарсаңында үйді бастадық. Бізде ақсақалдар кеңесі мен ауыл әкімдігі бар. Соларға "өздеріңіз лайықты деп есептеген жанұяға берерсіздер" деп аманат еткенбіз. Кілемдерді сыныптас қыздарымыз сыйлады. Қыздардың барлығы тұрмыста, келе алмайды. Осыған қарамастан сауаптан құр қалмайық, біз де бір үлесімізді қосайық деп кілемдерді беріп жіберді", - дейді 2001 жылғы мектеп түлегі Талғат Саменов.
Айта кетейік, Бадамда бұған дейін ауылдың 2000 жылғы түлектері көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Ауыл тұрғындары игі істің жалғасын тапқанына қуанышты.
Ал 1984 жылғы азаматтар эстфетаны өздерінен кейінгі бітірушілерге жолдаған. 1985 жылғы азаматтар қайырымды іске қазірден кірісіп, спорт кешенінің құрылысын бастап кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980613-turkistan-oblysynda-mektep-tulekteri-kopbalaly-otbasyga-us-bolmeli-ui-syilady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.