Еліміздің қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қантпен қамтылатын болды
Жарияланған күні:
Қазақстанның қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қантпен қамтылады. Алдымен қанттың қосымша көлемі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына жөнелтеді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде Сауда және интеграция министрлігі, Нұр-Сұлтан әкімдігі және Қоғамдық тамақтану қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен бизнес субъектілерін қанттың қажетті көлемімен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу өтті.
Кездесуге ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай, ИСМ Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев, сондай-ақ Қауымдастық төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова қатысты.
Айта кетейік, 27 шілдеде Қоғамдық тамақтану қауымдастығы қантпен қамтамасыз етудегі қиындықтарға байланысты қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының банкротқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Талқылау қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті қосымша қолдау және қоғамдық тамақтану объектілерінің индустриялық қант қажеттілігін толық қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.
Оған сәйкес, қоғамдық тамақтану объектілеріне басымдық бере отырып қант жеткізуді ұйымдастыру үшін оларға қажетті қант көлемі айқындалатын болады.
Бірінші кезеңде халық саны неғұрлым көп үш аймаққа мың тоннадан астам қант жеткізілмек.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі қанттың қосымша көлемін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына жөнелтеді. Осы қалалардағы шағын бизнес өкілдері қанттың қажетті көлемін ала алады. Сондай-ақ қауымдастық басқа қалалар бойынша тізім жасап, қажетті қант көлемін есептейді. Бұл орайда қауымдастық пен әкімдіктер аталған қантты беру алгоритмін әзірлейді", - дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980724-elimizdin-qogamdyq-tamaqtanu-kasiporyndary-qantpen-qamtylatyn-boldy/