Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арнайы қонып кететіндер бар": Ақтөбе облысындағы аядай ауылдан 50-ден аса егіз шығуының сыры неде

Опубликовано:

Алтай батыр ауылы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысындағы мыңға жетпейтін тұрғыны бар аядай ауылдан 50-ден аса егіз шыққан. Бұл жай сәйкестік пе, әлде құпиясы бар ма? Шипалы бұлағымен аты шыққан Алтай батыр ауылына KAZ.NUR.KZ тілшісі арнайы барды.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Алтай батыр ауылы халық арасында "егіздер ауылы" атанып кеткен. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл малға да, жанға да жайлы. Айнала сулы, нулы жер.

Ауыл ақсақалы Алтай батырдың аңызға айналған осы бір ерекшелігі туралы айтып берді.

Көпшілік егіздердің жиі дүниеге келуін ауылдың қақ ортасында ағып жатқан шипалы бұлақпен байланыстырады.

"Бұл бізге Алланың берген сыйы болар. Алтай батыр ауылы - халқына құтты мекен. 1964 жылы Алтай батыр ауылы совхоз болып құрылды. Ауыл ішіндегі аты аңызға айналған бұлағымыз сол кезден бар. Бұрғышылар құдық қазғанда су жоғарғы қысыммен аспанға атқылаған. Қазір оған құбыр жалғап, әдемі қылып қойды. Бұлақ 48 жылдан бері күндіз-түні тоқтаусыз ағып тұр. Ауылдың бәрі бұлақтың суын ішіп отыр. Осы бұлақтың көзі ашылғаннан кейін ауылда егіздер пайда бола бастады. Сенеміз. Бұл да бір құдірет. Әр үйде егіздер бар. Сырттан арнайы келіп, бұлақтың суын емдікке алып кетеді. Жолаушылар арнайы бұрылып келеді",- дейді ауыл ақсақалы Көшкінбай Бөрібайұлы.

Ақсақалдың егіз немерелері бар.

Алтай батыр ауылы
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұлақтың суы үшін сырттан арнайылап келетіндер аз емес. Айналамыздағы ауылдар келген сайын алып кетеді. Кішкентайлы бола алмай жүрген жастар ырымдап алады. Кейін олардың кішкентайлы болғанын естіп жатамыз. Шипасы тисе - қуанамыз. Бұл жердің табиғаты керемет. Ауасы таза, жері құнарлы. Айналаны қазсаң, 2 метрден тұщы су шығады және ол сарқылмайды. Ауылымыздың жағдайы жақсы, мал ұстаймыз. Ішіп-жеміміз мол, май-қаймақ үзілмейді. 10 сиыр сауамыз. Тұрмыс жаман емес. Тек газ келмей тұр"- дейді ақсақал.

қаймақ
Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауыл ішінде ағып жатқан шипалы бұлақтың суын ішудің де өз тәртібі бар. Ағып жатқан су үстіне 7 теңге көлемінде тиын тастайды. Ырым жасаса, алған судың емі болады деген сенім бар.

Ауыл тұрғыны Шолпан Қалменова да - егіздің сыңары. Айман есімді сіңілісі болған.

"Шешем екі рет егіз босанған. Менің сыңарым бала кезінде шетінеп кетті. Туып-өскен жерім - осы жер. Алтай батырда егіздер көп. Ауылға арнайылап қонып кететіндер бар. Балалы болмай жүрген отбасылар су беріп жіберуді сұрайды", - дейді Шолпан Қалменова.

Алтай батыр ауылы
Алтай батыр ауылының тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауыл мұғалімдері де бұл жерде егіздердің көп екенін жасырмайды.

"1988 жыл осы елге келін болып түстім. 2003 жылы Әміржан мен Аружан есімді ұлым мен қызымды босандым. Балаларым студент. Екеуі екі қалада оқып жатыр. Алтай бұлақ ауылында егіздердің көптігін бұлақ суымен байланыстырады. Таңғажайып оқиғалар болып жатқан соң, сенеміз. Мен өзім мұғаліммін, ауыл мектебінде сабақ беремін. Алдымнан көп егіз балалар өтті. Өзім 30 шақты егіз балаға сабақ бердім. Біздің алдымызда қаншама егіздер болған. Бұлағымыздың ерекше қасиеті бар. Бір мысал айтайын, өткен жылдары үйімізге шетелден бір адам қонақ болып келді. Жолдасы бөпе көтере алмай жүр екен. Осы ауылдан су құйып алып кетті. Артынан естідік, балалы болған екен. Керемет емес пе?!", - дейді ауыл мұғалімі Қарлығы Имағанбет.

Ерекше ауыл жайын округ әкімінен де сұрадық.

"1964 жылы бұлақтың көзі ашылғаннан кейін ауылда егіздер туа бастаған. 1970-1980 жылдар аралығында ауылда егіздер өте жиі дүниеге келе бастады. Оған арнайы есеп жүргізіп жатқан жоқпыз. Үлкен кісілер 50-ден аса егіз бар деп айтады", - дейді Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Асқар Махан.

Мыңнан аса түрғыны бар Сарытоғай округіне үш елдімекен қарайды: Алтай батыр ауылы, Баршақұм ауылы, Шұқыршы ауылы. Алтай батырда 800-ден астам халық тұрады. Айналада өндіріс орындары жоқ. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Үш мыңнан аса ірі қара, 3 мыңға жуық жылқы бар. Ұсақ мал саны 13 мыңнан асады.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980951-arnaiylap-qonyp-ketetinder-bar-aqtobe-oblysyndagy-ayadai-auyldan-50-den-asa-egiz-syguynyn-syry-nede/

pixel