Түркістан облысында мектеп директоры сыныпқа жаңа тақта алу үшін мұғалімдерден ақша жинаған
Жарияланған күні:
Түркістан облысында білім беру мекемелерінің 92 пайызы аттестациядан өтпей қалды. Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысын пайдаланған мектеп директорларына сөгіс жарияланды. Бұл туралы департамент басшысы Ғалымжан Алматов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Талапқа сай емес деп танылған мекемелер ішінде 98 балабақша, 67 мектеп, 2 колледж бар. Бұл олқылықтарды Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті анықтап отыр.
"Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарт талаптарына сәйкес келген 14 білім беру ұйымы, яғни 8 балабақша, 6 мектеп аттестатталды. Талапқа сәйкес келмеген 167 білім беру ұйымы, яғни 98 балабақша, 67 мектеп, 2 колледж аттестатталмады",- дейді департамент басшысы Ғалымжан Алматов.
Сондай-ақ департамент басшысы Сауран ауданындағы мектеп директоры мұғалімдерден ақша жинап, сол қаражатқа сынып бөлмелеріндегі тақталарды ауыстырғанын айтты. Мектеп басшысының бұл әрекеті үшін әкімшілік іс қозғалған.
Нәтижесінде директор Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 409-бабы бойынша жазаланған. Бұдан басқа тағы үш мектеп директорының педагог мәртебесі туралы заңнаманы бұзғаны анықталған.
Автор: Жанар Есенбекова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981177-turkistan-oblysynda-mektep-direktory-synypqa-zana-taqta-alu-usin-mugalimderden-aqsa-zinagan/