Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бетонға қыстырылып қалған": Түркістан облысында ағайынды жігіттер суға батқан он жасар баланы құтқарды (фото)

Опубликовано:

Түркістан облысында ағайынды екі жігіт балақайды құтқарып қалды
Нұрғиса Жақсылық. Фото: жеке мұрағат

Түркістан облысында ағайынды екі жігіт суға кеткен 10 жасар баланы құтқарып қалды. Ағайынды Нұрғиса мен Әділет Жақсылық KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, жағдайдың қалай болғанын баяндады.

Оқыс оқиға Түркістан облысы Арыс ауданы Ақдала ауылында болған. Түс мезгілінде төрт кішкентай бала суға шомылып, кенеттен бірі батып кеткен.

"Ағамның үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан едік. Бір кезде үйге кішкентай бала көмек сұрап, жылап келді. Дереу жүгіре жөнелдім. Су жағасында тағы да екі кішкентай бала жүр. Пайымдауымша, баланың суға кеткеніне жиырма минуттай уақыт болған. Тездетіп суға сүңгіп, су астын сүзіп шықтым. Бала байқалмайды. Ағамның 17 жастағы баласы да маған көмектесемін деп суға түсті. Түскен бойда: "Аға, мына жерде қол шығып тұрған сияқты" , - деді.

Бала су астында бетонға қыстырылып қалыпты. Дереу тартып жағаға алып шықтық. Денесі көгеріп, ішіне су толып қалған. Жүрек соғысы да байқалмады. Көкірек тұсынан бастым. Кеудесінен 4-5 рет басқан соң бала шашалып, тыныс ала бастады. Інімді баланың жанына қалдырып, өзім ауылға қарай жүгірдім. Көлікпен баланы үйіне, сосын ауруханаға апардық",- дейді 25 жастағы Нұрғиса Жақсылық.

Ағайынды екі жігіт он жасар баланы құтқарып қалды
Әділет Жақсылық. Фото: жеке мұрағат

Он жасар баланы құтқарған 27 жастағы Нұрғиса Жақсылық Ақдала ауылында, ата-әжесінің қолында тұрады. Оның інісі Әділет Жақсылық - Сабыр Рахымов атындағы әскери мектептің түлегі.

Қос батырға риза болған көпшілік алғысын жаудырып жатыр.

"Адам боп туған соң басқаның да амандығын тілейсің ғой. Адамдар бұл дұниеге келген соң бір біріне қол ұшын беруге міндетті", - дейді Нұрғиса.

Автор: Жанар Есенбекова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981479-betonga-qystyrylyp-qalgan-turkistan-oblysynda-agaiyndy-zigitter-suga-batqan-on-zasar-balany-qutqardy-foto/

pixel