Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Болат Назарбаевтың әйелі оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Жарияланған күні:

Болат Назарбаев
Болат Назарбаев. Фото: saliqaly.kz

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың ұзаққа созылған қатерлі дерттен қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Болат Назарбаевтың әйелі бұл мәліметті жоққа шығарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

69 жастағы Болат Назарбаевтың созылмалы дертке ұшырап, өңештің қатерлі ісігіне шалдыққаны туралы ақпарат расталған болатын. Бұл туралы Болаттың туыстары мәлімдеген.

Кейін Экспресс К басылымына сұхбат берген Болат Назарбаевтың қазіргі әйелі Динара Мамитекова күйеуінің жағдайы бүгінде тұрақты ауыр екенін айтты.

"Оның жағдайы әлі де ауыр. Біз оның өмірі үшін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Жақсылықтан үміттіміз", - деді Динара.

Сондай-ақ KAZ.NUR.KZ тілшісі бұл жайтқа қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан болатын. Министрлік пен басқарма экс-президенттің інісі қаза болғаны туралы ақпараттың оларға келіп түспегенін мәлімдеді.

Сол арада Болат Назарбаев қоры да оның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы анонимді телеграм-арналарда тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Болат Назарбаев қажетті ем-домнан өтіп, белгіленген медициналық шараларды қабылдауда. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр", - делінген қор хабарламасында.

Айта кетелік, Болат Назарбаев 69 жаста. Ол Германия және Израиль мемлекеттерінде емделіп, қазір Алматы облысындағы өз үйінде жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981572-bolat-nazarbaevtyn-aieli-onyn-qaitys-bolgany-turaly-aqparatty-zoqqa-sygardy/