Қызылордада жол құрылысы қарқынды жүруде
Жарияланған күні:
Биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткіші 82 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда. Осы ретте республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 18,4 млрд теңге бөлініп, 347 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізіледі деп жоспарланған.
Айта кету керек, осы жылдың 6 айында ұзындығы 147 шақырымды құрайтын жол желісі жөндеуден өтті.
Нақтырақ айтқанда, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар 244 шақырым жолдың 104 шақырымы жөнделген.
Сондай-ақ "Өңірлерді дамыту" бағдарламасымен Қызылорда қаласының Сұлтан Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейінгі 4 шақырымды құрайтын Сырдария өзенінің бойындағы магистральды көшенің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
"Кіші қалаларды дамыту" бағдарламасымен облыстық бюджеттен 69 млн теңге бөлініп, Арал және Қазалы қаласының 20 көшесі қайта жаңғыртылып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қарастырылды. Осы ретте, тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, қала ішіндегі және аудандарға қарасты кент, ауылдық округтердің 50 шақырымды құрайтын көшелері де жөндеуден өткізілуде.
Жол-көлік қатынасы мен инфрақұрылымдық бағытты дамыту мақсатында шалғай елді мекендер назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, осы жылы Қазалы ауданының Қарлан учаскесінде Сырдария өзеніне көпір өткелін салу жобасы басталды. Бұл көпір аудан халқының елді мекен арасындағы жол қатынасын жақсартып қана қоймай, ауданның инфрақұрылымдық алға жылжуына едәуір оң септігін тигізеді.
Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы тарапынан облысқа қарасты барлық аудан мен облыс орталығында аса маңызды 12 жоба қарқынды жүргізілуде.
Қаланың сол жағалау бөлігін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" магистралды жолға қосу жобасы 2021 жылы басталған болатын. Биыл да республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстарының 58 пайызы орындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981869-qyzylordada-zol-qurylysy-qarqyndy-zurude/