Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында Кеңес үкіметінен бері өзгермеген үш ауылдың атауы қазақшаланбақ

Опубликовано:

Ақмола облысында Кеңес үкіметінен бері өзгермеген үш ауылдың атауы қазақшаланбақ
Скриншот: Хабар 24

Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданындағы үш бірдей ауылдың атауы биыл қазақшаланады, деп хабарлайды "Хабар 24".

Кеңес үкіметі кезіндегі ескі атаумен аталып келе жатқан елдімекендер жаңаша сипатқа ие болмақ. Бұл өзгерісті жергілікті тұрғындар толық қолдаған.

"Красная поляна біздің орталығымыз әрі береке-бірлігіміздің нышаны болғандықтан біз оны Бірлік деп атауды жөн көрдік. Ал Петриковка – Тұмар, Арбузенка – Ақкент боп өзгереді. Барлығы да халықпен кеңесе отырып таңдалды. Бұл кезінде ата-бабаларымызды бауырына басқан қазақ халқына деген құрметіміз және отансүйгіштігіміздің белгісі деп білерсіздер", - дейді Бірлік ауылдық округінің әкімі Аңсар Ибаев.

Аталған үш ауылда 1 мыңнан астам халық тұрады. Олардың 99 пайызы ингуштер мен шешендер. Ауылдықтардың негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Мұнда 6 ірі серіктестік пен 40 шақты шаруа қожалығы бар. Бір сөзбен айтсақ, жұмыссыз жүрген адам жоқ.

Ал Бірлік ауылдық округі ақсақалдар алқасы бар облыстағы саусақпен санарлық елдімекендердің бірі. Сондықтан мұнда қандай мәселе болмасын қариялардың қарауынан өтеді.

"Ауылдың атауын өзгерту деген осыдан 30 жыл бұрын болуға тиіс шара еді. Бірақ сәті биылға келген екен. Әлі де кеш емес. Халықтың бәрі қолдап отыр. Біз бұл мәселені соңғы рет 2015 жылы бір көтергенбіз. Алайда атауларды ауыстыруға мораторий жарияланып, бастамамыз сол күйі қалып қойған болатын. Енді біздегі оң өзгерістер басқа ауылдарға да үлгі болса дейміз", - дейді Красная Поляна ауылының тұрғыны Магумад Умаров.

Жергілікті әкімдік ауылдардың атауын өзгертіп қана қоймай, оларды ажарландыруға да мықтап кіріскен. Мәселен өткен жылдары мұнда елдімекендердің жарық желісі жаңартылса, алдағы жылдары ауыз су құбыры тартылып, көшелер күрделі жөндеуден өткізілмек.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982094-aqmola-oblysynda-kenes-ukimetinen-beri-ozgermegen-us-auyldyn-atauy-qazaqsalanbaq/