"Кабинеттің төбесін темірмен тіреп қойдық": Ақтөбе облысында дәрігерлер амбулаторияның қирағалы тұрғанын айтып, дабыл қақты (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылындағы салынғанына 53 жыл болған дәрігерлік амбулатория адам шошырлық күйде жұмыс істеп тұр. Өткен ғасырдың көзіндей боп тұрған медициналық мекеменің ғимараты қирағалы тұр, дейді қызметкерлер. Емхана фельдшерлері адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтып, биліктен жаңа ғимарат салып беруді талап етуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жағдайы айтуға келмейді. Алыс ауылдағы дәрігерлер отырған ғимараттың салынғанына 53 жылдай болған. Өткен ғасырдың көзіндей боп тұрған медициналық мекеменің жарамды жері жоқ. Ішінде қызмет ететін фельдшерлер адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жүр.
"Бұл ғимарат қашан төбемізге құлайды деп қорқып отырмыз. Қыс болса іші ұлып, бүрсеңдеп кетеміз. Көктемде төбемізден аққан сумен алысамыз. Басқа амалымыз жоқ. Әбден тозығы жетіп тұрған жерде науқас қабылдауға мәжбүрміз. Кейбір кабинеттердің төбесін темірмен тіреп қойдық. Ол қай уақытқа дейін шыдайды? Ауыл халқына сапалы қызмет көрсететін жаңа ғимараттың болғанын армандаймыз", - дейді амбулаториялық емхананың акушері Зәмзәгүл Жиенғали.
Мыңға жуық тұрғыны бар Көптоғай ауылындағы жалғыз амбулаториялық емханада бес орындық күндізгі стационар бар. Ол жерде ауыл тұрғындары система салдырып, дәрілерін қабылдайды. Орталық ішіндегі балалар бөлмесі де жұпыны. Ескі жиһаздар қойылған. Тіпті, дәрігер үстелінің астындағы еден ойылып кеткен.
"Осы жерден нанымызды тауып отырмыз. Амалымыз жоқ. Қыста тоңып, жаңбырда тазик ұстап кетеміз. Тезірек жаңа ғимарат салып берсе екен", - дейді балалар дәрігері.
Көптоғай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда 10 адам жұмыс істейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауылдағы орталықтың жүз пайызға тозығы жетіп тұрғанын жоққа шығармады. Десе де ведомство жаңа амбулаторияның құжаттары жасалып жатқанын жеткізді.
"Көптоғайдағы дәрігерлік амбулаторияның ғимараты 1969 жылы саманнан салынған. Бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары 2009 жылы жүргізілді. Сол уақыттан бастап ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Ғимараттың 100 пайыз тозығы жетуіне байланысты жаңа ғимарат салу жоспарланды.
Сол себепті 2021 жылы жаңа құрылыс салу үшін ЖСҚ жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны 160,9 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда мердігер анықталып екіжылдық келісімшарт жасалды", - деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982418-kabinettin-tobesin-temirmen-tirep-qoidyq-aqtobe-oblysynda-darigerler-ambulatoriyanyn-qiragaly-turganyn-aityp-dabyl-qaqty-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.