Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күнде төбелес, айқай-шу": Көпқабатты үйдің астындағы сырахана атыраулықтардың мазасын қашырды

Опубликовано:

Сыраханадан мезі болған тұрғындар
Фото: KAZ.NUR.KZ / Әйгерім Сайқын

Атырауда орталықтағы Сәтпаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан сыраханаға келушілер жұрттың берекетін қашырған. Тұрғындардың айтуынша, сырахана қонақтары екі күннің бірінде төбелес шығарып, елді әбден мезі қылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сырахананың жабылуын талап еткен Сатпаев көшесі, 50 үйдің тұрғындары мекемеге келушілер әбден мезі қылғанын айтады. Олар сыра барының жұмыс уақытын қысқартуын немесе мүлдем жабылуын талап етеді.

"Бұл нысанның ашылғанына он шақты жыл болды. Күнде төбелес, айқай-шу, ішіп алған еркектердің ауызынан шыққаны тек боқтық сөз. Оны балаларымыз да естіп жатыр, науқас қарттарымыз да бар. Осы аулада сыра бары да, сыра дүкені де, тіпті түнгі клуб та бар, бірақ балалар алаңы жоқ. Балаларымыздың көретіні тойып алғандардың төбелесі, еститіні солардың боқтық сөзі",- деп налиды тұрғын Арон Умбеталиев.

Ал осы тұрғын үйде тұратын Нәсіпхан Жалғасқызының айтуынша, полиция келіп, айыппұл салғанымен, у-шу қайта басталатын көрінеді.

"Таңға дейін тыныштық жоқ. Қаншама рет полиция шақырдық. Олар келіп кетеді, айыппұл салады, кеткен бойда шу қайта басталады. Біздің де шыдамымыз таусылды. Әкімдікке де жаздық өтінішімізді, депутаттарға да айттық. Жеке біреудің бизнесі деп ешқандай шара қолданбай отыр. Жасасын бизнесін, бірақ тұрғындарға зиянын келтірмесін. Бұл жерден мүлдем жабылуын немесе уақытын сағат 23.00-ге дейін қысқартуын талап етеміз",- дейді Нәсіпхан Жалғасқызы.

Тұрғындардың шағымына пікір білдірген қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева заң жүзінде жұмыс уақытын кәсіпкердің өзі шешетінін айтты.

"Тұрғын үйде орналасқан қоғамдық орындар сағат түнгі 23.00-де қатты дыбыстарды доғаруы тиіс. Ал жеке тұрса таңға дейін де жасай алады. Заң жүзінде жұмыс уақытын кәсіпкер өзі шешеді. Сондықтан біз кәсіпкердің жұмыс уақытына араласа алмаймыз", - деді Алтынай Ерубаева.

Сыраханамен көршілес болудан шаршаған жұрт оны түбегейлі жаппай немесе уақытын шектемей тынышталмайтынын жеткізді.

Әйгерім Сайқын, Атырау облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982435-kunde-tobeles-aiqai-su-kopqabatty-uidin-astyndagy-syraxana-atyraulyqtardyn-mazasyn-qasyrdy/