Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік бойжеткен сүйіктісімен некелесу үшін түрмеге қалыңдық көйлегін киіп келді

Жарияланған күні:

түрмеде некесін қиды
Фото: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті

Ақтөбедегі жазасын өтеу мекемесінде ғашықтардың некесі қиылды. Бойжеткеннің некелі жолдасы енді төрт жылдан кейін бостандыққа шығады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА- 168/2 түзеу мекемесі темір тордың арғы жағында болған ерекше сәтпен бөлісті. "Тонау" бабымен абақтыға қамалған жігіт сүйіктісіне қыста сөз салып, жазда үйленуге уәде берген.

"Үйлену жоспарымызда болған еді. Осы жылдың қыс айында сүйіктіме ұсыныс жасадым. Тойды жазда жасауға келістік. Бірақ мен қыста істі болып, жоспарымыз жүзеге аспай қалды. Соған қарамастан, бүгін міне, заңды некемізді қидырдық. Ендігі арманым - бостандыққа тезірек шығып, сүйіктіммен және отбасыммен бірге бақытты өмір сүру. Арман- тілектерімізді бірге жүзеге асыру", - дейді 27 жастағы күйеу жігіт.

Қалыңдық түрмедегі сүйіктісімен заңды некесін қидыру үшін жалғыз келген. Түзету мекемесі ғашықтардың некесін заңдастыруға ештеңенің кедергі болмайтынын айтты.

қалыңдық
Фото: Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті

"Неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, сотталғандардың да неке қиюға құқығы бар. Біз жас жұбайларға бақыт тілейміз. Түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің некесін қидырудың да өз пайдасы да бар: некесін қидырып, отбасылы болған жазасын өтеуші азамат жауапкершілікті сезініп, түзелу жолына түсіп, жаза өтеу барысында өзін жақсы жағынан көрсетуге және отбасына тезірек оралуға тырысады. Сол секілді бүгін некесін қидырған сотталған азаматтың жаза өтеу барысында да тәртібі жақсы болып, отбасына тезірек оралатынына сенім артамыз",- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Тонау бабы бойынша 5 жылға сотталған күйеу жігіттің бостандыққа шығуына 4 жыл бар.

АХАЖ бөлімінен келген маманның айтуынша, Ақтөбедегі түрмелерде неке қию рәсімінің өткізілуі бірінші рет емес. Ал КА- 168/2 түзеу мекемесіндегі аталған неке биыл 20-шы болып тіркелген. Жалпы, АХАЖ маманы осындай рәсімдерді атқаруға түзеу мекемелеріне кейде апта сайын келетіндерін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982451-aqtobelik-boizetken-suiiktisimen-nekelesu-usin-turmege-qalyndyq-koilegin-kiip-keldi/