Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оның бар әлемге жаны ашитын": 12 жыл бойы ауыр дертпен күрескен жазушы әйелдің құрбысы жылы естеліктерін бөлісті

Опубликовано:

Құрбылары арбаға таңылған жазушы жайлы естелікпен бөлісті
Торғын Жолдасбекқызы: instagram/torgyn_zholdasbekkyzy

2022 жылдың 25-мамырында жазушы, "Араша", "Пана" және "Кеш қалма" кітаптарының авторы Торғын Жолдасбекқызы өмірден озды. Ғұмырының соңғы 12 жылында ауыр генетикалық дертпен күресіп, қалың бұқара арасынан өз оқырманын тапқан Торғынды бүгінде жақындары сағынышпен еске алады. Жазушының жан құрбысы Айгерім Нұқпаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, Торғын туралы естеліктерін бөлісті.

"Торғын екеуміз 2017 жылдан бері Facebook желісінде араласа бастадық. 2019 жылы ең алғаш оффлайн жүздесуіміз болды. Ал 2020 жылдың маусым айынан бастап бір пәтерде тұра бастадық. Осы екі жыл ішінде Торғынды ана, құрбы, жазушы ең бастысы – көркем мінезді саналы тұлға ретінде таныдым. Кемелдікке жеткен жандардың бірі еді. Оның байыптылығы, ұстамдылығы таң қалдыратын.

Торғынның бойындағы әдемі қасиеттерінің бірі – қалжыңбастығы. Әр жағдайға әзіл-қалжыңы дайын тұратын.

Ешкімді ауыр сөзге, ауыр ойға қимай өтті. Жақсы сөйлейтін, жақсы ойлайтын, санасындағы сан қилы сұрақтарды сүзгіден өткізіп отыратын. Торғын маған бұл өмірдің мәнін ұқтырып кетті десем, артық емес. Әлемді жақсы көретін. Үйден шыққан пакет толы қоқыстарды көргенде жүрегі ауыратын. Егер ол дені сау, ғұмыры ұзақ болғанда бұл әлемге махаббат сыйлау үшін әлі де көп жұмыс істейтін еді. Оған Алла 37 жыл ғұмыр беріпті. Ғарыш пен жерді, 18 мың ғаламды жоқтан бар қылған Жаратушы Торғынның өліміне келгенде де қателеспегенін білемін. Біле тұра сағынамын. Ол туралы естеліктің бәрі жып-жылы", - дейді Айгерім.

Торғын Жолдасбекқызы көзі тірісінде 3 кітап шығарып үлгерді. Құрбысының айтуынша, оның кітабын оқыған адам психологтың алдында отырғандай күй кешеді.

"Оның жазушылығын жоғары бағалаймын. Торғынды әлеуметтік желі арқылы кітабы көп оқылған жазушы деп те таниды. Уақыт өте келе оның танымалдығы арта түсеріне сенімім мол. Көп жағдайда адамды өмірден өткен соң бағалайтынымыз бар ғой...

Оның "Араша" кітабын бір емес, бірнеше рет қайталап оқу керек деп ойлаймын. Кітап құдды психологтың алдында отырғандай сезімге жетелейді. Қазір Торғынның кітабынан түскен қаражаттың басым бөлігі білім жолында жүрген балаларды қолдауға жұмсалуда. Бұл дәстүр жалғаса бермек", - дейді ол.

Жазушы өмірінің соңғы жылдарында арбаға таңылды.

"Арбада отырған, қолы ғана икемге келетін Торғынды көпшілік ауру деп сезінбеді. Бұлшықет күннен-күнге азайып отыратын "Синдром эрба рота" деген сырқатпен ауырған. Ішіп-жеген тамағына мән беретін. Сөйлеген сөзіне. Ойлаған ойына... Әлемге жаны ашитын. Бүгінде оның артында мектеп жасындағы қызы қалды. Қызының әкесімен қарым-қатынасы өте жақсы. Торғын енесі мен Жарқын (Аружан әкесі) барда қызына алаңдамайтынын айтқан. Аружан өте терең ойлайды. Ерекше бала болып өсуде. Өте еркін", - дейді Айгерім Нұқпаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982525-onyn-bar-alemge-zany-asityn-12-zyl-arbada-otyrgan-zazusy-aieldin-qurbysy-zyly-estelikterin-bolisti/

pixel