Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында әкім орынбасары жасөспірім қызды зорламақ болған ер адамды ұстады

Опубликовано:

Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары жасөспірім қызды құтқарды
Фото: Polisia.kz

Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы 13 жасар жасөспірім қызды зорлаушыдан құтқарып қалды. Шенеунік осы әрекеті үшін марапатталды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ресми медиа-порталы.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Содан қайтар сәтте қыз үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалған.

Сол сәтте жалғыз үйіне қайтып бара жатқан жасөспірім қыздың соңынан аяқасты белгісіз еркек шығып, шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан дейді полицейлер. Онымен қоймай, бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатады.

Күдіктінің қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады.

Ал ер адам оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге асығады деп әңгімеледі полицейлер.

Осы кезде екі адамның арпалысып жатқанын сол жерден әйелімен бірге өтіп бара жатқан тұрғын байқап, бірден көмекке ұмтылады. Ал күдікті "не істеп жатсың" деп жүгіріп келе жатқанын көрген соң қаша жөнеледі.

Содан тұрғын жерде жатқан қыздан оның күш көрсетіп, ұрып-соққанын естиді де, бір сәтке ойланбастан, қашқан күдіктінің соңынан ілеседі.

Осылайша, 100 метрдей қашып үлгерген күдіктіні қуып жетіп, оны полицияға тапсырады.

Қызды зорламақ болған ер адамнан құтқарып, көмек қолын созған Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы болып шықты.

"Кешкісін жұбайым екеуміз кетіп бара жатып көше маңынан екі адамның ұрысып-төбелесіп жатқанын көріп қалдық. Біріне көмек қажеттей сезілді. Бірден оқиға болып жатқан жаққа жүгірдім, алайда күдікті мені көрді де қашуға әрекеттенді. Бірақ оның жас қызға тиіспекші болғанын білгеннен кейін ештеңеге қарамай соңынан қудым. 100 метрдей қуып отырып, ақыры ұстадым. Полиция шақырып, оны тапсырдық.

Негізінде менің қызметімде үнемі осы полицейлермен, оның ішінде жергілікті полиция қызметімен байланыста боламыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелет жасына толмағандардың ісі, олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алу күн тәртібімізден түскен емес. Сондықтан менің орнымда басқа біреу болса да, осылай көмектесер еді дегім келеді. Бұл менің азаматтық борышым деп білдім. Ең бастысы, қыздың жағдайы жақсы. Оған ештеңе болмады", – деді әкімнің орынбасары.

Оқиға орнына полицейлер барып, мән-жайды анықтады. Бүгінде күдікті қамауда. Аталған оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі (Зорлау) және 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

10 тамыз күні Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Асылжан Қалдарбеков Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлын марапаттады. Тәртіп сақшылары батырға көрсеткен батылдығы мен қылмыстың жолын кесуге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, бағалы сыйлық табыс етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982630-turkistan-oblysynda-akim-orynbasary-zasospirim-qyzdy-zorlamaq-bolgan-er-adamdy-ustady/

pixel