Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қостанайда тәрбиеші үш жасар бүлдіршіннің бұғанасын сындырған": Министрлік пікір білдірді

Опубликовано:

Министрлік балабақшада бала ұру фактілерінің көбейгенін айтты
Көрнекі сурет: pixabay.com

Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналардан тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауына, денсаулығына зиян келтіруіне, сондай-ақ балабақшада балаларға жасалған сапасыз жағдайға және кейбір жекеменшік балабақшалардың жосықсыз жұмысына қатысты шағымдар әлі түсіп жатыр. Бұл туралы министрліктің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ата-аналар балабақшалардың қызметін ешкім реттемейтінін айтып, шара қолдануды талап етуде.

Мәселен Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты тартып, салдарынан оның бұғанасы сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан босатылған, ал балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Орал қаласындағы жекеменшік балабақшада да осыған ұқсас жағдай тіркелді. Тәрбиеші кішкентай қызды соққыға жыққан. Ата-аналардан Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым түскен.

Балалар ата-аналарына тәрбиешінің ұрғанын айтып шағымданған. Тәрбиеленушілердің айтуынша, оларды тәрбиеші бірнеше ай бойы ұрып-соғып келген. Балалар тәрбиешіден қорыққандықтан, осы уақытқа дейін ата-аналарына ештеңе айтпай келген. Оның балаларды қатаң жазамен қорқытқаны да белгілі болды. Балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды", - делінген министрлік сайтында.

Одан бөлек білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларға балабақшадағы бүлдіршіндердің түрлі жарақаты туралы ақпарат күн сайын түсіп жатыр. Бұл педагогтардың балаларға дұрыс қарамайтынын көрсетеді, дейді министрлікте.

Ал Қызылордадағы жекеменшік балабақшада бүлдіршіндерді қараусыз қалдыру фактілері тіркелген. Министрлік ақпаратына сәйкес, далаға өз бетімен шығып кеткен балаларды қаланың тұрғындары тауып алған. Дәл осындай жағдай елордалық балабақшада да болған. Тәрбиешілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

"Құқықбұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі.

Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз", - деді Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982703-qostanaida-tarbiesi-us-zasar-buldirsinnin-suiegin-syndyrgan-ministrlik-pikir-bildirdi/

pixel