Қарағанды облысында қар аралас бұршақ жауды (видео)
Жарияланған күні:
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында қар аралас бұршақ жауды. Синоптиктер жаз мезгіліне тән емес табиғи құбылысты аймақтан өткен қайталама суық фронттың салдары деп түсіндірді, деп хабарлайды "ҚазАқпаратқа" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әлеуметтік желіде қар басқан жазық дала түсірілген видео пайда болды. Видео авторларының айтуынша, Ақтоғай өңірінде қар аралас бұршақ жауған.
Бұл ауданда "Қазгидрометтің" бірнеше метеорологиялық бекеттері болса да, мамандардың айтуынша, олар бұршақ түрінде жауын-шашынды тіркемеген. Дегенмен метеорологтар жаз кезіндегі мұндай ерекше құбылысты суық фронттармен түсіндірді.
"Кеше, 10 тамызда Қарағанды облысы фронтальды бөлімдердің ықпалында болды, ал Ақтоғай өңірі арқылы екінші реттік суық фронт өтті, соның әсерінен бұршақ түсті.
Қазір Қазақстанның барлық аумағында дерлік, әсіресе солтүстік бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Біз өтіп бара жатқан циклон мен фронтальды бөлімдердің ықпалында болғандықтан, дәл осы Ақтоғай өңірінде екі қосалқы фронт өтті. Бұршақ соған тән", – деп түсіндірді "Қазгидромет" РМК Қарағанды облыстық филиалының инженер-синоптигі Елена Михайлова.
Бұл жағдайға жергілікті атқарушы органдар да түсініктеме берді. Олардың айтуынша, егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары табиғат құбылысынан зардап шекпеген. Өйткені бұршақ жауған ауылдың аумағында егіс алқабы жоқ.
"2022 жылдың 10 тамызында Ақтоғай ауданы, Жидебай ауылдық округінің Жалаңаш ауылында жаңбыр аралас бұршақ жауды. Бүгінде осы мәселе бойынша Жидебай ауылдық округінің әкімі Төлепбеков Марат Серікбайұлымен сұхбаттасқан едік. Бұршақ егістік алқаптарына ешқандай шығын әкелмегенін мәлімдейміз", – деп сендірді Ақтоғай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алтай Әлібаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982783-qaragandy-oblysynda-qar-aralas-bursaq-zaudy-video/