Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда әжесін өлтіріп, үйін өртеп жіберген 18 жастағы жігіт сотталды

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда әжесін өлтірген 18 жастағы жігітке сот үкімі шықты. Енді ол 12 жыл 6 айын темір тордың арғы жағында өткізеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалалық прокуратура ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдың қарашасында Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірінде өрт шыққан.

Оқиға орнынан егде жастағы әйелдің денесі табылды. Сот-медициналық сараптама өлім жедел жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жеткіліксіздігі салдарынан болғанын көрсетті.

Сараптама қорытындысы бойынша, өрттің шығуына электр сымының апатты жағдайда жұмыс істеуі себеп болған.

Барлық сараптама нәтижесін ескерiп, қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп жұмыстары тоқтатылған.

Алайда кейін қылмыстық іс материалдарын зерделеп, марқұмның туыстарының уәжін бағалаған прокурорлар қосымша тергеу жұмыстарын бастаған.

Қадағалау органының нұсқауымен әйелдің денесі эксгумацияланып, сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды. Сонымен қатар басқа да бірқатар тергеу әрекетінің жүргізілгені белгілі болды.

Қосымша сараптама әйелдің өліміне қылқындыру кезіндегі механикалық асфиксия себеп болғанын көрсеткен.

Прокуратура мәліметінше, марқұмның 18 жастағы немересі "қасақана кісі өлтірді" деген күдікке ілінген.

Жас жігіт кінәсін мойындады. Ол сол күні отбасылық жанжал кезінде әжесін қылқындырып өлтірген.

Сотталушының үйдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды иемденіп, қылмыстың ізін жасыру үшін қасақана өрт шығарғаны анықталып отыр.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы кісі өлтіргені, сондай-ақ мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982921-almatyda-azesin-oltirip-uiin-ortep-zibergen-18-zastagy-zigit-sottaldy/

pixel