Елде 1 қыркүйектен бастап локдаун енгізіле ме: Санитар дәрігерлер жауап берді
Опубликовано:

Желіде 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда пандемияның жаңа толқыны басталып, локдаун жарияланады деген қауесет тарай бастаған. StopFake.kz порталы мұның шындыққа жанаспайтынын анықтады.
Бұл ақпаратқа қатысты ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті пікір білдірген.
"Бүгінде көріп отырғанымыздай, КВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы "сары", қалған облыстар "жасыл" аймақта орналасқан. Сырқаттанушылық аздап өсті, бірақ эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Біз баршаңызды вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге, қоғамдық орындарда бетперде тағуға және мүмкін болса, COVID-19 жұқтырмас үшін шетелдерге сапар шекпеуге шақырамыз.
Карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету туралы шешімді Ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Қазіргі кезде карантин жариялау туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ", – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте Қазақстаннан 1643 адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982961-elde-1-qyrkuiekten-bastap-lokdaun-engizile-me-sanitar-darigerler-zauap-berdi/