Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе әкімінің экс-орынбасары Lexus көлігі мен қаланы жаңажылдық безендіруге қатысты іс бойынша ақталды

Опубликовано:

Жангелді Әубәкіров
Жангелді Әубәкіров. Фото: Lada.kz

Ақтөбе әкімінің экс-орынбасары мен тағы төрт айыпталушы қаланы жаңажылдық безендіруге бөлінген бюджет қаржысын иемденбегенін сотта дәлелдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, апелляциялық инстанция бес айыпталушыны ақтап, оларға заңсыз қылмыстық қудалаудан келтірілген залалды өтеу құқығын қалдырған.

Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық сатысында бюджет қаражатын жымқыру бойынша даулы іс қаралған. Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіров пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовты, сондай-ақ серіктестіктің үш қызметкерін сот алқасы жаңа жылдық безендіруге арналған 90 миллион бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша ақтады.

Сот айыптаушы тараптың олардың кінәсін дәлелдемейтінін, қала шынымен де безендірілгенін анықтады. Бұл деректі сотта қаланың бұрынғы әкімі Мавр Абдуллин де растады. Ол қаланы көріктендіруге қатысты барлық шаралардан, яғни, кіммен келісімшарт жасалғаны, бюджеттік қаражаттың қайдан, қайда жұмсалғанынан хабардар екенін жеткізген.

Әубәкіров пен тағы төрт айыпталушыға өздерінің қылмыс жасамағанын дәлелдеу үшін екі жылдан астам уақыт қажет болды. Ақталғандардың өздерін ақтау және моральдық зиянды өтету құқығы бар деп танылды.

Еске сала кетейік, Ақтөбе әкімінің экс-орынбасары Әубәкіров 2020 жылдың көктемінде қамауға алынған болатын. Тергеушілердің мәліметінше, қаланы жаңа жылдық безендіруге бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген, ал Әубәкіров өзі бақылайтын компаниямен бір көзден сатып алу шарты жасалған.

Бірақ айыптаушы тараптың айтуынша, шын мәнінде облыс орталығы демеушілердің ақшасымен безендіріліп, бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржыны әкім орынбасары мен оның сыбайластары жымқырған. Сондай-ақ айыптаушы тарап осы ақшаның бір бөлігіне Әубәкіров жаңа Lexus көлігі мен кеңсесіне былғары кресло сатып алғанын алға тартқан. Алайда бесеуі де кінәсін мойындамады. Әубәкіров серіктестікпен келісім-шарт жасасу туралы тапсырма бермегенін, кеңсесінде уақытша былғары орындық орнатылғанын, элиталық көлік сатып алмағанын алға тартты.

2021 жылдың маусымында бірінші инстанциядағы сот Әубәкіров пен Досовты 7 жылға бас бостандығынан айырды, біріншісі қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша, екіншісі арандатушылық жасағаны үшін айыпты деп танылды. Іс Жоғарғы сотқа дейін жеткен.

Ал Жоғарғы сот істі қарап, бірінші инстанцияның үкімі мен апелляциялық алқаның қаулысының күшін жойған. Жоғарғы сот істі қайта қарау үшін апелляциялық сотқа қайтарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983070-aqtobe-akiminin-eks-orynbasary-lexus-koligi-men-qalany-zana-zyldyq-bezendiruge-qatysty-is-boiynsa-aqtaldy/

pixel