Үш жылдан бері сатып алған пәтерлеріне кіре алмай жүрген ақтөбеліктер жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Ақтөбенің Қарғалы тұрғын үй алабынан пәтер алған тұрғандар өз баспанасына кіре алмай жүргенін айтып, наразылығын білдірді. Олардың сөзінше, үш қабатты тұрғын үй 2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда арада үш жыл өтсе де, әлі күнге дейін пәтерлерінің кілті қолына тимеген, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Жанайқайын жеткізген тұрғындардың бірі Жанат Төрахметова ауылдағы үйін сатып, барлық жиған-тергеніне Қарғалы тұрғын үй алабынан үш бөлмелі пәтер алған. Қазіргі уақытта ол пәтер жалдауға мәжбүр.
"Осы үйді қашан береді. Қай уақытта қолданысқа береді. Қаншама тұрғын шиттей бала-шағамызбен жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз", - дейді ол.
Жергілікті тұрғын Шаңдыбай Сәдуов та үш жыл бойы пәтерден-пәтерге көшіп жүргенін жеткізіп, мәселені әкімдіктен тезірек шешіп беруді сұрап отыр.
Оның сөзінше, пәтердің ақшасы төленіп қойған.
Телеарнаның мәліметінше, "Нұрлы жер" бағдарламасымен Қарғалы тұрғын үй алабынан жетпіс шақты отбасы пәтер алған. Қазіргі уақытта құрылыстың тоқсан пайызы біткен. Тек ішіндегі ұсақ-түйек шаруалар қалған. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты мердігер мекеме оны аяқтай алмай жатқан көрінеді.
"Қазір жоба жасаушылармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нысанда толық аяқтау үшін келісімшартта көрсетілген сомманы көбейту қажет болып тұр. Мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз", - дейді Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жантурин.
Шенеуніктердің айтуынша, құрылысқа бөлінген қаражат жетпей қалған. Енді аяқтау үшін тағы да қазынадан қаражат қарастырылмақ. Бірақ тұрғын үйдің қашан қолданысқа берілетіні әзірге белгісіз.
Автор: Б. Рақметова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983667-us-zyldan-beri-oz-paterlerine-kire-almai-zurgen-aqtobelikter-zanaiqaiyn-zetkizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.