2023 жылдан бастап еліміздегі барлық дерлік мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді
Жарияланған күні:
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың республикалық тамыз конференциясында келесі жылдан бастап мектеп әкімшілігінің қызметкерлері мен мұғалімдер бес күндік форматта жұмыс істей бастайтынын мәлімдеді. Бұл педагогтардың демалысына әсер етпейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Келесі жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Біз осыған қатысты шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына, оның орынбасарларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерге қатысты. Мұғалімдер сенбі күні демалып, балаларының қасында болуы керек деп есептейміз. Бұл оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол балабақшалардың тәрбиешілері, сондай-ақ білім беру бөлімдерінің қызметкерлері осындай форматта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Министр бұдан бөлек бес күндік жұмыс форматына ауысу педагогтардың демалысына әсер етпейтінін жеткізді.
Еңбек демалысы әдеттегідей 56 күн және өзгеріссіз қала береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983963-2023-zyldan-bastap-qazaqstannyn-barlyq-mektepteri-bes-kundik-zumys-formatyna-kosedi/