Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Павлодарда компаниядан 28 млн теңге жымқырған ер адам 10 жыл бойы Ресейде жасырынып жүрген

Опубликовано:

Абақты
Көрнекі фото: Sputnik/Владимир Песня

Павлодарлық компанияның 28 миллион теңгесін ысырап етіп, 10 жылдай Ресейде жасырынған ер адам қазіргі таңда колонияда жазасын өтеуде. Оны тәртіп сақшылары Ресейдің қиыр шығысынан тапқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақша жымқырып, сотталған азамат қазір жазасын АП-162/1 мекемесінде өтеп жатыр.

Ер адам 2008 жылы павлодарлық фирмалардың бірін басқарған. Сол жылдары дағдарыс басталып, кәсіпорында қаржылық қиындықтар болған. Нәтижесінде мекеме орналасқан жерді 80 миллион теңгеге сату туралы шешім қабылданған. Сатып алушы кепіл ретінде алдын ала 28 миллион теңге көлемінде қаржы аударған. Шотқа ақша түскен кезде директор оны өзі иемденіп, ізін суытқан.

Бұл факті бойынша полиция 2011 жылы қылмыстық іс қозғаған. ЖШС басшысы күдікті деп танылып, кейін оған халықаралық іздеу жарияланған.

"Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, директор қызметін атқарушы ер адам жиналыс хаттамасын, шешімді және жер учаскесінің бір бөлігін және онда орналасқан өндірістік жайларды сатуға келісім бергені туралы ЖШС қатысушыларының қойылған қолын қолдан жасаған. Осылайша, ол кәсіпорынның мүлкін сату үшін жалған құжаттармен мәміле жасасқан. Сондай-ақ өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыруды жалғастыра отырып, ұйымның банк шотындағы ақшасын алып, оны өз қалауы бойынша жұмсаған", - дейді Павлодар облысы ҚАЖД баспасөз қызметінен.

Департамент мәліметінше, Павлодар тұрғыны тек 2020 жылы Ресейдің қиыр шығысынан табылған. Онда ол бір жыл бойы үйқамақта болып, 2021 жылдың ақпанында Қазақстанға қайтарылған. Ер адам Павлодарға жеткенше, жолда Қазақстан мен Ресейдің 11 колониясында болып үлгерген.

Қазақстанға жеткізілген соң 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұрынғы директор жазасын 2023 жылдың тамызына дейін өтейді.

"Сотталған ер адамға жақын туыстары келіп тұрады. Ол келтірілген шығынды ішінара өтеп жатыр. Сотталушы өз кінәсін түсінді, отбасы оны үйінде күтіп отыр", - дейді АП-162/1 мекемесі бастығының орынбасары Мақсат Сқақов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984421-pavlodarda-kompaniyadan-28-mln-tenge-zymqyrgan-er-adam-10-zyldan-keiin-reseide-ustaldy/

pixel