"Қазақмыс" еңбек ұжымымен жұмыс кездесуінің нәтижелерін бөлісті

Опубликовано:

Андрей Гайдин
Андрей Гайдин. Фото: Kazakhmys Holding

"Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС ұжымымен салтанатты кездесуде Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин кеншілер мен байытушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды корпорациясының ресми сайты

"Кеншілер мен байытушылар күні – біздің саладағы негізгі мерекелердің бірі. Кеншілердің корпорацияның, тұтастай мемлекетіміздің дамуына қосып жатқан үлесі көп. Барлығыңызға денсаулық, сәттілік тілеймін", - деп атап өтті Андрей Гайдин.

Кездесу барысында топ-менеджер күнделікті жұмысты ұйымдастырудың, еңбек ұжымдарымен "кері байланыс" орнатудың, түрлі деңгейдегі басшылық буындарында өз уақытында шешім қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Кәсіпорын жұмыскерлері тау-кен, шахта құралдарының дайындығы мен техникалық жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Ол мәселелер бойынша Басқарма төрағасының бірінші орынбасары салалалық қызметтерге жеке жиналыс ұйымдастыруды тапсырды. Андрей Гайдиннің айтуынша, жақында кәсіпорынды басқару жүйесі оңтайландырылады.

"Жезқазғантүстімет", "Қарағандытүстімет", "Балқаштүстімет" өндірістік бірлестіктері таратылып, корпорация құрамында кен-байыту кешені құрылатын болады. Кешен бас директоры кеніш, фабрика директорларымен тікелей жұмыс істейтін болады", - деді Андрей Гайдин.

Басқарма төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы мен еңбекақы мөлшері компания басшылығының назарында екенін атап өтті.

"Компанияның кәсіпорындарында бірыңғай әлеуметтік саясат жүргіземіз. Бұл мәселемен жұмысшы тобы айналысып жатыр. Кеншілер мен байытушыларға кәсіби мерекеге орай 30 мың теңге көлемінде сыйақы төленеді. Жыл басында біз еңбекақыны 30 пайызға өсірдік. Біз инфляцияның, азық-түлік бағасының өсу деңгейін тұрақты бақылап отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің компания әлеуметтік бағытталған компания ретінде жұмыскерлердің әл-ауқатына тұрақты көңіл бөледі. Сондықтан, 2022 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалақыны өсіру мөлшері жарияланып, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы көтерілетін болады", - деп қорытындылады сөзін басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984466-qazaqmys-enbek-uzymymen-zumys-kezdesuinin-natizelerin-bolisti/