Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Еңбегіміздің ақысын бермеді": Алматы облысындағы ауыл әкімі өзіне тағылған айыпқа жауап берді

Жарияланған күні:

Көрнекі фото
Көрнекі фото: Pixabay.com

Алматы облысында былтыр ғана ауыл әкімі болып сайланған шаруа қожалығы иесінің басы дауға қалды. Бірнеше жыл бойы қожалықта қой баққан қойшының жұбайы желіде әкімге "еңбегіміздің ақысын бермей кетті" деп шағымданды. Шенеуніктің қожалығы төңірегіндегі шудың ақ-қарасын анықтау үшін қос тараптың да уәжін тыңдадық, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматы облысындағы ауыл әкімі Омаров Төлегеннің басы дауға қалды. Танымал журналист Гүлмира Әбіқайдың Instagram желісіндегі парақшасында өзін қойшының әйелі ретінде таныстырған Заманбекова Дариякүл шағымданып, арнайы видео түсірген. Видеодағы әйелдің мәлімдемесіне назар салсақ, Дариякүл бүгінде ауыл әкімі болып қызмет атқарып отырған шаруа қожалығының иесін сегіз жылғы еңбек ақысын төлемеді деп, өзінің наразылығын білдірді.

Жұмысқа алар алдында кәсіпкер үй салып беруге, сондай-ақ белгілі бір көлемде қой беріп отырамын деп уәде еткен, дейді әйел. Алайда жолдасының денсаулығы жарамай, жұмыстан шықпақ болғанда, уәделі еңбек өтеуін ала алмай дал болғанын айтады.

"Бес балам бар. 2014 жылдан бастап Омаров Төлегенге малшы болып кіргенбіз. Айына 50 мың, бір қой қой деді. Сонымен бірге жылдың аяғында бізге 35 бас мал беремін деп келіскенбіз. 2021 жылы айлығымызды 100 мың теңгеге көтерді. Биыл көктемде жолдасым инсульт алды. Мен сонда ол кісіге "бізден малды қабылдап алыңыз, бізді босатыңыз. Жинаған терген еңбегімізді беріңіз" десем, ол кісі бергісі келмейді.

Басында бізге бес жылдан соң үй салып берем деп уәде еткен. Үйдің жартысын салып, қалғанын салмады. "Екі жыл бойы қойды дұрыс баққан жоқсың" деп өзімізді кінәлап отыр. Жолдасымның жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды", - дейді әйел.

Алайда шаруа қожалығының иесі Омаров Төлеген өзіне тағылған айыппен келіспейді. Айтуынша, қойшы мен отбасының алдында еш қарызы жоқ. Керісінше, екі жылдың ішінде жүздеген бас қозыдан айырылып, шығынға батқан. Бүгінде Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылында әкім қызметін атқарып отырған Төлеген Омаровтан мәселенің мән-жайын сұрадық.

"Әкім қызметіне былтыр қарашаның төртінен бастап сайлау арқылы келдім. Бұған дейін қызметте істегенмін. Кәсіп те істегенмін. Шаруашылықты 2001 жылы құрғанбыз. Ауылдағы кәдімгідей орташа шаруа қожалығы. Әкім болғанға дейін кәсібім болған адаммын. Бұл кісілер өзіміздің ауылдың азаматтары, бірге өскен азмат.

Шопан болып істеген. Былтыр бізде 300-дей қозы шығын болды. Қыс қатты болды, құрғақшылық, жер тақыр болды, ауа райы жағдайы дедік те, оларға ештеңе деген жоқпыз. Арада дау-дамай да, ешнәрсе болмады. Кешірдік. Енді одан кейін "қалай жұмыс істейсің, басын шешіп алайық" дедік. "Сізден де ұят болды, ендігі жылы төл алып беремін" деп уәде берген өзі", - деді ол.

Бірақ биыл да былтырғы жағдайда қайталанып, 400 қозы қырылды, дейді әкім.

"Малшының жұмысы да сол - төл алу ғой. Малдың артынан төл алу үшін бір жыл бойы жұмыс істейміз. Бірақ биыл да тура сондай жағдай болды. 400 қозы өліп қалды. 680 қойдан алып отырғанымыз 370-390 қозы. Бізде малдар қыста қыстауға, жазда жайлауға кетеді. Жайлауға былтыр апардым. Мал арық болды деп айтпасын деп жалға жайлау алып, күзде қойды семіртіп тұрып әкеп бергенбіз. Қыс жайлы, жақсы болды. Шөп бар, жақсы болды. Көктемге келгенде малдың төлі қайта қырылады", - дейді Төлеген Омаров.

Әкім мемлекеттік қызметте жүрген соң, қожалығын сенімгерлік басқару арқылы ағайындарына беріп қойғанын айтады. Сол себепті барлығын қадағалауға уақытым болмады, дейді. Десе де, бұл жағдай орын соң алған ақсақалдар кеңесінде аталған мәселені талқылап, бұған дейінгі малын қойшыға бергенін жеткізді.

"Совхоз кезі болса, мұндай үшін сотталатын. Не істейміз дедім. 60 қой өлді тағы өлді. Соның орнын төлеп берсін дедім. Біздің ортамызда бір жаманы - келісімшарт жоқ. Ешкісін, қойын бердім. Бес жыл жақсы істеді. Жақсы өнім алып отырды. Көлігін алды, жағдайын дұрыстады еңбегінің ақысын алды.

Қазір нақты қолына 100 мың алады, азық-түлігін мен алып беріп отырдым. Оның өзіне 60-70 мың кетеді. Аспазға тамақ жасап отырғаны үшін төлейтінмін. Ай сайын бір қой алады. Жылына 40-60 аралығында тоқты алып отырды. Былтыр енді мал қырылғаннан кейін сәйкесінше ештеңе алған жоқ. Оларға қояр талабым жоқ, аман-есен алатын малын алып, жылда беріп отырған пайын алып кетсе екен. Мен де ренжідім. 400 қозы деген 12 млн шығын ғой", - деп баяндады әкім.

Ал желіге видео жүктеген қойшының жұбайы Дариякүл Заманбекова болса, малды әдейі ешкім өлтірмегенін, қойдың төлі қотырланып, ауырғандықтан қырылғанын алға тартуда. Десе де, мал шығын болғанын, әкімге "еш наразылығым жоқ" деп қолхат жазып бергенін де жоққа шығарған жоқ.

Қолхаттың суреті
Қолхаттың суреті: Омаров Төлегеннің ұсынуымен

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984604-8-zyl-tegin-zumys-istedik-almaty-oblysyndagy-auyl-akimi-ozine-tagylgan-aiypqa-zauap-berdi/